«ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА!»
Заман өзгереді. Қоғам дамиды. Экономика да алға жылжиды. Дегенмен мұндай үрдістер энергетика саласына ауқымды салмақ салады. Тіпті, бүгінгі күннің өзінде елімізде энергия тапшылығы бар. Мұны көрші мемлекеттермен келісімге келу арқылы шешіп отырмыз. Рас, бүгінде жағдай қалыпты. Көршілермен қарым-қатынас та жақсы. Десе де арқаны кеңге салуға әсте болмайды. Кез келген кемел мемлекет өз ішіндегі өзекті мәселелерді шешуге талпынбаса, өзгеге кіріптар қалпында қала бермек. Мұны тектен-текке айтып отырғаным жоқ.
Биыл 2 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жариялады. Міне, сонда ел президенті «Жаһандық энергия тапшылығының өсуін ескере отырып, біз сенімді және экологиялық таза энергия көздеріне аса мұқтажбыз. Сондықтан, менің ойымша, атом энергетикасының дамуына барынша назар аудару қажет. Генерацияның бұл түрі біздің экономикамыздың қарқынды дамып келе жатқан қажеттіліктерін едәуір қанағаттандыра алады. Қазіргі уақытта дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық АЭС жұмыс істейді. Біз еліміздің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделері мен ерекшеліктерін ескере отырып, болашақ туралы ойлауымыз керек» деп атап өтті. Айтса айтқандай-ақ, қазіргі уақытта мемлекетімізде шетелден инвесторлар тартып, кәсіпкерлік саланы дамытуға басымдық беріліп отыр. Осы орайда, елге келген әр инвестордың инженерлік инфрақұрылымға айрықша мән беретіні айқын. Егер елдің ішінде энергия тапшы болса, қаржы құюшылар да қадамын аңдап басады. Тәуекелге барғысы келмейді. Жаһандық деңгейде энергияға деген сұраныстың артып отырғанын ескерсек, көрші елдердің жақын болашақта энергияны сатуға шектеу қоюы бек мүмкін. Сондықтан да еншісі бөлек егемен ел ретінде өз қажеттілігімізді өзіміз өтеуге тырысуымыз керек-ақ.
Соңғы уақытта атом электр станциясын салуға қатысты қоғамда бірқатар пікірталастар жүріп жатыр. Біршама белсенділер мұның зиян екенін айтып, қарсылық танытуда. Осы орайда, қазақтың «бөріден қорыққан орманға бармайды» деген сөзі ойымызға оралады. Біріншіден, Қазақстанда АЭС салынар болса, қауіпсіздік мәселесі басты назарда болады. Қала берді, мұндай жауапты бастаманы кез келген кәсіпорын жүзеге асыра алмайды. Жаһандық стандарттар тағы бар. Осының бәрін ескерсек, ең заманауи технологиялары бар алып компания ғана елімізде ең соңғы үлгідегі атом электр станциясын салады. Екіншіден, бастаманы жүзеге асыруға қажет кадрлар елімізде бар. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында атом саласы үшін кадрлар даярлау қазақстандық жоғары оқу орындарында 5 білім беру және екі дипломдық бағдарлама негізінде жүргізіледі. Тәжірибе алмасу және кадрлық әлеуетті арттыру үшін Франция, Ресей және Венгриямен бірқатар құжаттарға да қол қойылған. Үшіншіден, АЭС құрылысы электр энергиясының тапшылығын қысқартуға, тарифтердің өсуін тежеуге, экологияны жақсартуға және энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге қол жеткізудің сенімді тәсілі саналады. Бесіншіден, экологиялық ахуалдың ушығуының алдын алуға да атом электр станциясы әсер ете алады. Сарапшылар есептеуінше, қуаты 1 гигаватт болатын АЭС 1-1,5 млн халқы бар қаланы энергиямен қамти алады. Нәтижесінде 50 текше метр радиоактивті қалдықтарды шығарады. Дәл осы қуатты алу үшін жылу электр орталықтары шамамен 200-300 мың тонна қалдық шығарады екен. Тағы бір ерекшелігі, көмір станциялары ауаға будақ-будақ қара түтін шығарып, қоршаған ортаны ластап жатады. Ал атом электр станциясы ауаға мұндай улы газдарды бөлмейді. Қорыта айтқанда, еліміздегі энергия тапшылығының қалай шешілетіні 6 қазанда өтетін референдум нәтижесінде анық болмақ. Сондықтан осындай жауапты кезеңде барша отандастарымыздың атсалысқаны жөн деп білемін. Елдің келешегін айқындайтын басты шарадан қалыс қалмайық!
Айжан НАИМБЕКОВА,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.