САЛТАНАТТЫ ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Жыл сайын елімізде дәстүрлі түрде мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні атап өтіледі. Ата заң – елімізді демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамытудың берік негізі, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Бұл ұғымдар — заңдардың заңғары ҚР Конституциясында белгіленген құндылықтар. Биыл еліміздің барлық аумағында мерекеге орай салтанатты шара өтті.

Оның ішінде Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданындағы аудандық Мәдениет үйінде салтанатты іс-шара өтті. Жиында аудан әкімі Азат Оралбаев, ауданның мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасы Конституциясының ұлықтығын қамтамасыз етуге, конституциялық негіздердің қалыптасуы мен дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға елеулі үлес қосқаны үшін бірқатар азаматтарды алғыс хаттарымен марапаттады.
Мерекелік шараға облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат депутаттары, облыстық бағынысты мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім саласының қызметкерлері, ардагерлер алқасы мен зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Салтанатты шара аудандық өнер ұжымдары мен әншілерінің концерттік бағдарламасына жалғасып, патриоттық әндер шырқалды. Мәдениет қайраткерлерінің өнері көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.