ОРДАБАСЫДА ЖҮЗЕГЕ АСАТЫН ЖЕМІСТІ БАСТАМАЛАР КӨП
Түркістан облысына қарасты аудандарда инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, өнеркәсіпті өркендету бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Жасыратыны жоқ, бүгінде күнгейдегі аудандардың арасында Ордабасының мүмкіндіктері мол. Мұнда агроөнеркәсіптік кешенді ілгерілету, аграрлық салаға серпін беру бойынша бірқатар шаралар жемісті жүзеге асып жатыр. Қолайлы инвестициялық климат құру мен өнеркәсіпті әрі қарай дамыту бойынша да ауданның потенциалы жоғары.
Алдағы уақытта ауданда мұнай-химиялық кластерді дамыту, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісінде өңдеуді терең пайдалану, арнайы индустриалды аймақтарды ұлғайту, жаңа технологияларды ендіру және дамыту үшін өңдеуші өнеркәсіпке шетел компанияларын тарту сынды бағыттарға басымдық беріледі. Осы орайда, жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте Ордабасы ауданының экономикалық өсімін қамтамасыз ету бойынша аудан әкімі Азат Оралбаевтың есебі тыңдалды. Жиын барысында ауданның 2030 жылдарға дейінгі «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштері және резервтер туралы баяндалды. Даму тұжырымдамаларына қатысты экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризмді дамытып, жұмыспен қамту үшін тиісті басқарма басшыларының ұсыныстары қаралды. Ауданды дамыту үшін негізінен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс атқарылмақ. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып, өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету басым бағыт ретінде таңдалып отыр. Даму жоспарда аймақтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, туризм және кәсіпкерлік сынды салалар қамтылған. Стратегиялық құжат аясында барлық салаларды дамытуға бағытталған шаралар ұсынылған.
Облыс әкімі аймақты дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Зауыт, фабрикалар ашуға күш салуды, тұралап қалған өндіріс орындарын қайта жандандыруды тапсырды. Ордабасыда сауықтыру туризмін дамытуды міндеттеді. Өз сөзінде «Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – өмір сүру сапасын жақсарту. Әкімдердің жұмысы халықтың әл-ауқатына байланысты бағаланады. Осы бағытта жан-жақты мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмысты жандандыру керек. Өндіріс орындарын көбейту үшін, қайта өңдеуді дамыту үшін. Ауданда жаңа зауыт, фабрикаларды көптеп ашып, тұралап қалған кәсіпорындарды қайта аяғынан тұрғызуға күш салу керек. Өнім көлемін арттырып, жергілікті өнімді экспортқа шығаруды жолға қою керек. Жылыжайлардың аумағын арттыру қажет. Сауықтыру туризмін дамыту маңызды. Әзірге жұмыс әлсіз. Бұл бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Жүйелі жұмыс, бағыт керек. Іздену керек» деді Дархан Сатыбалды.
Сандарды сөйлетер болсақ, биылғы 7 айда Ордабасы ауданының жалпы өнім көлемі 64,3 млрд теңгені құрап, жыл қорытындысымен 160,7 млрд теңгеге орындалатын болды. Өңірлік өнімнің құрылымы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс салаларына тиесілі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы 2030 жылға 2 есеге арттыру жоспарлануда. Бұл туралы аудан әкімі «2024-2030 жылдары жалпы инвестициялық құны 214,6 млрд теңгені құрайтын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салалары бойынша 79 ірі жобаларды іске асыру жоспарланды. Одан түсетін болжамды салық 5 млрд 733 млн теңгені құрайды. Нәтижесінде 4 226 жұмыс орны ашылады. Өнеркәсіп өнім көлемі биылғы 7 айдың қорытындысымен 8,2 пайызға артып, 21,4 млрд теңгені құрады. Жыл қорытындысымен 37,5 млрд теңгеге жеткізіп, өсім 11,6 пайызға артады деп күтілуде. 2025 жылға 40,6 млрд теңгеге, 2030 жылға 78,1 млрд теңгеге жеткізу межеленді. 2024-2030 жылдар аралығында құны 168,8 млрд теңгені құрайтын, 2 749 жұмыс орнымен, 24 жоба жүзеге асырылады» деп атап өтті.
Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 52 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған Бадам индустриалды аймағы құрылған. Аймақтың жалпы жер көлемі — 102,5 га. Индустриялды аймақта 15,9 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылған. Гипсокартон бұйымдарын өндіру, арматура шығару, қорғасын өндіру, тоқыма фабрикасын құру секілді 6 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Шұбар аумағынан 70 га өндірістік парк салу, Шұбарсу ауылынан жаңадан кіші қуатты жобаларды шоғырландыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласына ойыссақ, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылығын 4 бағытта дамыту жоспарланған. 2024 жылдың 7 айында 23,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Жыл қорытындысымен көрсеткіш 83,2 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланған. Келер жылға өнім көлемін 94,6 млрд теңгеге жеткізу міндеті тағы бар. Сонымен қатар ауданда 71 мың 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, 413 мың тонна өнім жинау межеленген.