МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ СЕМИНАР-ЖИЫН ӨТКІЗІЛДІ

Түркістан облысында лудоманияның алдын алуға бағытталған шаралар қарқынды жүзеге асырылып келе жатыр. Жыл басынан бері күнгейде орналасқан аудандар мен қалаларда түрлі сала мамандарынан жасақталған ақпараттық-насихат тобы көптеген кездесулер өткізіп, өзекті мәселеге айналып отырған түйткіл турасында толыққанды ақпарат берді. Мектеп оқушыларынан бастап аудандар мен қалалардың тұрғындарын қамтыған шара барысында құмар ойыннан келер қауіп жайы ашып айтылды. Жастар да мұндай жауапты іске білек сыбана кірісіп, бірқатар тың бастамаларды ұйымдастырды. Шаралар легі әлі де жалғасып жатыр. Осы орайда, бүгінгі материалымызда біз сөз еткен тақырып арқау болған кезекті жиын турасында тарқата баяндамақпыз.

Жуырда Жетісай ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Есенкелді Алданиязовтың төрағалығымен Жетісай ауданы әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында мемлекеттік қызметшілер арасында жиын өтті. Жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңына қол қойылғаны, азаматтардың құқықтық мәдениеттілігін, тәртіптің шынайы жағдайын орнатуға, әртүрлі санаттағы мемлекеттік қызметкерлерге және азаматтарға құқықты, заңды түсіндіру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар жиын барысында қосымша аудан әкімі аппараты әкімшілік және жалпы бөлімнің бас инспекоры 2024 жылдың 6 айында өтініштердің қаралу барысы, ақпараттандыру мемлекеттік құпияларды қорғау, мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің бас инспекторы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және ақпараттық қауіпсіздік талаптарының орындалуы, 109-колл орталығы, интернетпен қамту жұмыстары туралы баяндаса, заң бөлімінің бас инспекторы құмар ойын туралы алдағы уақытта күшіне енетін жаңа заңды таныстырды. Сондай-ақ жиналысқа қатысушылар тарапынан сұрақтар мен ұсыныстар айтылып, тиісті жауаптар берілді.
Шарада сөз алған заң бөлімінің бас инспекторы А.Шойғараеваның айтуынша, жаңадан қабылданып отырған заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі. Атап айтқанда, құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады. Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Сонымен қатар ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және құмар ойындардың, бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітеді. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады. Тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде, спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы әлеуметтік объектілерде, сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.
Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны психикалық ауытқуға соқтыратын сырқаттар санатына қосқан. Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Қазақстанда шамамен 36 мың лудоман бар. Министрлік бұл статистиканы әлемдік жағдаймен салыстыра келтірген. Ал жер шарындағы ересектердің 3 пайызы осы есепке алынған. Бірақ, оңалту орталығының мамандарының пікірінше, ойыншылар одан да көп болуы мүмкін. Өйткені, көмек сұрайтындар күн санап артып жатыр. Қала берді, букмекерлік кеңселер мен құмар ойын ұйымдастыратын компаниялар табысы былтыр 6 есе өскен. Соңғы үш жылда қазақстандықтар бәс тігуге 1 трлн теңге жұмсаған деген дерек бар. Республикалық бюджеттің өзі биыл 21 трлн теңге деп бекітілгенін ескерсек, ойын бизнесіндегі қаржы айналымы қаншалықты көп екенін елестете беріңіз. Психологтардың сөзінше, адам көп бәс тіккен сайын ақ-қараны ажырата алмайтын күйге түседі. Барлығы бақылауда бұдан кез келген сәтте шыға аламын деп ойлайды. Өзін ешқашан құмар ойынның құрбанымын деп мойындамайды. Сондықтан тәуелділікке ұрынып, бармақ тістеген уақытта ғана айналасына қарап, өзінің лудоман екенін түсіне түседі. Ал бұл уақытта бәрі де кеш. Жалпы бұл дертке шалдыққандардың қоғамнан бөлектене бастайтыны белгілі. Оны аңғару қиын емес. Мамандардың сөзінше, лудоманияға шалдыққандар ашуланғыш, көп сөйлеспейтін, қарыз сұрағыш келеді. Адамнан осы белгілерді байқасаңыз қол ұшын созу керек. Әйтпесе, соңы ұрлық, алаяқтықпен аяқталуы мүмкін. Мәселен, прокуратура дерегінше, былтыр 160 мыңдай қылмыс жасалса, оның 20 пайызы яғни, 30 мыңнан астамына құмар ойын себеп болған. Сол себепті лудоманияның зардаптары турасында халыққа кеңінен ақпарат беріп, алдын ала сақтандырудың маңызы айрықша. Бұл бағыттағы жұмыстар күллі күнгейде жоғары деңгейде қолға алынып келе жатыр. Алдағы уақытта да жалғасатыны айқын.