ҚАЛА ӘКІМІ ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫН БАҚЫЛАДЫ

Президент бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Мектептердегі орын тапшылығын жоюды көздейтін маңызды бастама аясында бірқатар өңірлерде білім ордалары бой көтеріп жатыр. Заманауи талаптарға жауап беретін мұндай ғимараттар оқушылардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына мұрындық болары анық. Газетіміздің бұған дейінгі сандарында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиеваның салынып жатқан нысандардың құрылысымен танысқанын жазған едік. Енді жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың өзі құрылыс алаңына барды.

Тарқатар болсақ, қала басшысы Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында білім беру нысандарын, соның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылыс барысын бақылады. Жалпы бұл мектептер қауіпсіз білім беру ортасын құруға лайықталған. Сондай-ақ апатты жағдайдағы нысандар, үшауысымды мектептер мен орта білім берудегі орын тапшылығын жою мақсатында салынып жатыр. Құрылыс басында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылаған әкім құрылысшыларға жұмыс қарқынын арттыруды, материалдардың сапасына назар аударуды және оқу орындарын салу стандартын қатаң сақтауды тапсырды. Сонымен қатар салалық басқарма басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне де бірқатар міндеттер жүктеді. Нақтырақ айтқанда, құрылыс нысанындағы жұмысшылар санын арттыру және барлық нысандардың құрылысын белгіленген мерзімде аяқтау бойынша тапсырма берді. Аралау соңында Абай ауданындағы Юсупов көшесінің құрылысымен де танысты. Жауапты мамандарға жұмыстың сапасына аса мән беру керектігін айтты және мерзімінде аяқтауды міндеттеді.
Айта кетейік, ұлттық жоба аясында салынып жатқан мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 немесе 2 500 орындық деп белгіленген жеті түрлі нұсқаның біріне сай салынады. Олардың әрқайсысында робототехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактивті тақта және мұғалімге арналған компьютер қойылады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылуы керек. Яғни арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзивті білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық нақышта жасалуға тиіс.