КӨКТЕМДЕ СУ КӨП, АЛ ЖАЗДА ЖОҚ
қай өңірлерді қуаңшылық қысуы мүмкін?
Биылғы көктем қазақ Үкіметі үшін оңайға соққан жоқ. Еліміздің бірқатар өңірлерінде болған тасқын судан талай адам зардап шекті. Үйінен үдере көшіп, мектеп пен өзге де мемлекеттік мекемені паналаған әлеумет билікке базынасын айтып, шығынды есептеу бойынша наразылығын білдіріп те жатты. Қош делік, бұл қауіптің беті қайтқаны белгілі. Десе де енді өзге мәселе билікті алаңдатып отырған тәрізді.
Тарқата баяндасақ, жуырда Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысынан кейін өткен брифинг барысында қуаңшылық болуы мүмкін өңірлерді атады. Сөзіне сенсек, ағымдағы жылы Қостанай облысының Амангелді, Жангелдин аудандарында қуаңшылық болуы мүмкін. Жангелдин ауданы – Қостанай облысының ең оңтүстігіндегі өлке. Ол жақта егін егу бойынша ешқандай қатер жоқ. Өйткені Амангелді ауданында да, Жангелді ауданында да ешкім үлкен көлемде егін екпейді. Халықтың негізгі бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Қостанай облысындағы диқандардың негізгі массиві Арқалықтан солтүстікте жатыр. Сондықтан «Қазгидрометтің» дерегі бойынша солтүстік өңірлердегі егінге ешқандай қауіп жоқ. Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында да солай.
Дегенмен біз сөз етіп отырған мәселе батысты әлекке салуы мүмкін. Нақтырағы, Ақтөбе облысының Қарғалы, Мұғалжар аудандарында қуаңшылық болуы ықтимал. Қарғалыда егін көп егілетіндіктен, күллі облыстағы өнім көлеміне әсер етуі мүмкін. Ал Мұғалжар халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Сондықтан егін бойынша түйткіл жоқ. Қош делік, біздің Үкімет көктемде сумен, жазда қуаңшылықпен алысуды әдетке айналдырып алған секілді. Өйткені бірде су мөлшері тым көп болса, енді бірде ылғал жетпейді. Оның зардабын халықтың тартып отырғаны өкінішті…
С.НҰРАЙ.