ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗДІ
Бүгінде түрлі қылмыстарға бастайтын кеселді әрекеттермен құқық қорғау органдары күресіп келеді. Ол қатарда бұзақылық, алаяқтық, алкоголь мен шылымға тәуелділік, нашақорлық сынды жастардың болашағына балта шабатын теріс қылықтар бар. Енді интернеттің кең қолданысқа енуімен бұлардың саны да артты.
Бұрындары әлеумет ащы суға әуестермен жиі күрессе, қазіргі уақытта құмар ойындардың зардабын көріп отыр. Десе де оның алдын алу бағытында қыруар іс атқарылып жатқанын айта кетуіміз керек. Бүгінде ел-елде арнайы жасақталған ақпараттық топ үгіт-насихат жұмыстарын тереңдете жүргізіп келеді. Ол турасында газетіміздің бұған дейінгі сандарында жазған едік. Бұл жолы да қолымызға қалам алуымызға аталған тақырып арқау болып отыр.
Түркістан өңірінде жыл басынан бері әртүрлі сала өкілдерінен жасақталған ақпараттық топтың мектептер мен орта арнаулы оқу орындарында арнайы кездесулер өткізіп жатқаны белгілі. Мұндай игі бастамаларға әкімдіктер мен жастар ұйымдары себеп болып отыр. Десе де жемісті жұмыстар мұнымен шектеліп қалған жоқ. Құқық қорғау органдары да қоғам үшін түйткілді түйінге айналған мәселемен күресті қарқынды қолға алған. Мәселен, жуырда Сарығаш ауданы полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция инпекторлары лудоманиямен күреске өз үлестерін қосу мақсатында кездесулерді өткізуді қолға алған болатын. Мектеп оқушылары арасындағы құқықбұзушылық, қылмыстың алдын алу, отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күресу, әлімжеттік пен буллингті болдырмау, сонымен қатар құмар ойындарының жолын кесу сынды тақырыптарды түсіндіруді мақсат еткен құқық қорғау органы қызметкерлері күні бүгінге дейін Сарыағаш қаласындағы М.Ломоносов, Жібек жолы ауылдық округіндегі Амангелді атындағы №20, Құркелес ауылдық округіндегі №73 мектептердің 7-11 сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Онда тақырып төңірегіндегі өзекті мәселелермен қатар, олардан алшақ болу жолдары түсіндірілді.
Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, лудомания диагнозын қою оңай болғанымен, оны емдеу өте қиын. Мұның бәрі адамның ойынға қанша уақыт бөлгеніне байланысты. Әдетте, адамның өзі бастапқыда тәуелді болып қалғанын білмей қалады. Құмар ойындарға бейімділік бастапқыда жеңіл жолмен пайда табу ниетінде басталып, одан эмоционалды байланып, кейін толығымен тәуелді болып қалады. Көп жағдайда, құмар ойын ойнайтын адам қоғамнан алыстап кетпейінше, туыстары да, достары да қатты дабыл қаға қоймайды. Сондықтан теріс әрекеттің мән-мағынасын тереңінен түсіндіретін мұндай шаралардың маңызы да, міндеті де айрықша.