БАЛАЛАР ТЕМІР ЖОЛЫНЫҢ БОЙЫ СЕРУЕН АЙМАҒЫНА АЙНАЛАДЫ

қала әкімінің шешімі дұрыс па, бұрыс па?

Қазақта «Адамды түсіне қарап таныма, істеген ісіне қарап таны» деген тәмсіл бар. Осы бір астарлы сөздің рас екенін талай басшы, талай әкім дәлелдеп кетті. Шымкентке жалаң ұранмен келіп, жаман атпен кеткен әкімдер бар. Сонымен қатар үнсіз келіп, үйдей іс тындырғандары да жоқ емес. Мұны білу үшін әлеуметтің пікірін сұрау жеткілікті. Жалпы басшының іскерлік қабілеті қабылдаған шешімімен, атқарған ісімен, берген уәдесінде тұра білуімен өлшенеді. Бүгінде қала ішін аралай жүріп, қай нысанда қай әкімнің қолтаңбасы барын жазбай тануға болатынын білеміз. Қош делік, бүгінгі материалды жазу үшін қолымызға қалам алуға талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан нысанға қатысты қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың ұсынысы себеп болып отыр.

Біз сөз еткелі отырған нысан – балалар темір жолы. 1979 жылы сол кездегі облыс басшысы Асанбай Асқаровтың тікелей басқаруымен салынған нысанның ұзындығы бірнеше шақырымға жуықтайтын. Бір нүктеден екінші нүктеге жету үшін шынайы темір жол нысандарына ұқсас болуымен бұл нысанға тең келер елімізде балама жоқ еді. Әрине, мұндай тың жобаны өткеннің еншісі ретінде қарастырып отырғанымыз өкінішті-ақ. Әйткенмен уақыт соған әкеліп отыр. Бүгінде дәл сол балалар темір жолына қатысты ыстық естелігі мен жылы өткені бар ағайынның алды елуге таяп қалды. Дегенмен нысан бүгінде ащы суға әуес азаматтардың топтала отырып, ішімдік ішетін орнына айналған. Бұған себеп те жоқ емес. Қазіргі күнге дейін қала тізгінін қолға алған кей әкімдердің шешімімен темір жол бойындағы жерлер жекеменшікке өтіп кеткен. Бұл жерлерге халықтың тығыз қоныстанып, баспана салып алғанына да біраз болды. Сондықтан оны қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы уақыт бөліп, БАҚ өкілдері және белсенділермен бірге темір жол бойының қазіргі жайын бақылаған болатын. Аңғарғанымыз, бір кездері шаһардың мақтанышына айналған нысанның бойында адам сүйсінер, көз тояр ешбір жер қалмаған. Бұзылған жол, ұрланған рельс, қираған нысан мен тоналған локомативтерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Сондықтан шаһар басшысы аталған жерді серуен аймағына айналдыру ұсынысын көтеріп, оның тиімділігі турасында тарқата баяндады.
Рас, оны қалпына келтіруге де болады. Әйткенмен оның құрылысына қажет қаражат қала бюджетіне ауқымды салмақ салмақ. Қала берді, қолданысқа жарамайтын локомативтер тағы бар. Олар қазіргі уақыта құрастырылмайды. Ал арнайы тапсырыс беру қымбатқа түспек. Бұл ғана емес, балалар темір жолы өтетін кей тұстарда алып құрылыстар жүргізілген. Бастапқы жоспарда темір жолға орын қарастырылмағандықтан, оны қайта реттеу үшін тағы да қала бюджетіне қол салуға тура келеді. Бүгінде қазына қаржысының әр тиыны тиімді жұмсалуы тиіс екенін ескерсек, миллиардтарды ескі нысанды жаңғыртуға жұмсау – келте пішілген шешімдей көрінеді. Бұл туралы шаһар басшысы «Серуен аймағы туралы шешімді қабылдауда нақты жағдайлар ескерілді. Демеушілер тарапынан салынатын жаңа серуен аймағы халықтың сүйікті алаңына айналады. Жалпы қалада шешімін күткен өзге де өзекті мәселелер көп. Көпқабатты үйлердегі ыстық су, ауыз су, ирригация және канализация жүргізілмеген аудандар жетерлік. Қала бюджетін осындай халыққа аса қажет жобаларға жұмсаймыз» деп атап өтті. Рас, қазіргі таңда алып мегаполистің құрамында болғанымен, сапалы ауыз су мен кәріз мәселелері әлі шешіле қоймаған елді мекендер мен шағынаудандар бар. Мұндай жағдайда балалар темір жолын жөндеу үшін қазынадан қаржы бөлудің тиімсіз екені айдан-анық. Бұл бастама төрт қабырғаның ортасында отырып шешіле салған дүние емес. Темір жол өтетін аумақтардағы ағайынның пікірі де ескерілген. Сол себепті де ескі нысанның орны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қайта жаңғыратын болды. Яғни бұл жерге серуен аймағын салу бастамасы демеушілер есебінен жүргізіледі. Жобаға сәйкес, веложол, жүгіру жолдары, бірнеше воркаут алаңдары салынып, жан-жағы көгалдандырылады. Жаңа серуен аймағын 1-маусымда пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қош делік, бұған дейін қалаға әкім болып келген азаматтардың біразы балалар темір жолын қалпына келтіретінін айтып, үйдей уәде бергені бар. Әйткенмен оның жалаң сөз, жалған ұран екенін уақыт көрсетіп отыр. Ал бүгінгі әкімнің шешім қабылдауы үшін екі жолдың бірін таңдауы тиіс болғаны айдан-анық. Біріншісі – бюджет қаражатын тиімді жұмсау үшін ескі нысанды дәл қазіргі қалпында қараусыз қалдыру. Екіншісі – нашақорлар мен ішімдікке әуестердің жиі жиналатын жеріне айналған балалар темір жолының бойын тұрғындар демалатын, спортпен шұғылданатын серуен аймағына айналдыру. Біздіңше, қазіргі шешімнің бастапқысынан бәсі бір саты биік. Оның игілігін елдің көретін уақыты да алыс емес сыңайлы…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.