АЛА ШАПАНДЫ АҒАЙЫНМЕН САУДА БАЙЛАНЫСЫ НЫҒАЙЫП КЕЛЕДІ
Соңғы жылдары Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы сауда байланысы айрықша қарқынмен артып келеді. Бүгінде ала шапанды ағайын өсірген жеміс пен көкөністерді сауда сөрелерінен жиі көретініміз де белгілі. Биылғы үш айдың қорытындысы бойынша аталған ел Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды.
Қаңтар-наурыз айларында елдегі сыртқы сауда айналымы 15,8 млрд долларға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 6,2 пайызға өсті. Өзбекстан статистика агенттігінің ақпаратына сай, бүгінгі таңда көршілес мемлекет әлемнің 184 елімен сауда-саттық жасайды. Үш айдың қорытындысы бойынша елдің басты сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемелекет арасындағы тауар айналымы 3 млрд доллардан асты.
Одан кейінгі орында сауда-саттықтың 17,7 пайыз үлесі тиесілі Ресей тұр. Бұл елмен арадағы импорт-экспорт көлемі 2,8 млрд доллар болды. Сонымен қатар көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндеді. Біздің ел мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 937,7 млн долларға жетті. Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан Қазақстанға 294,8 млн доллардың тауарын экспорттап, 642,9 млн доллардың тауарын импорттаған.
«Уақыт».