МАМАНДЫҚТЫ ДҰРЫС ТАҢДАУ ҚАНШАЛЫҚТЫ МАҢЫЗДЫ?

«Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан!»
Абай

Адам дүние есігін ашып, өмір жолындағы алғашқы қадамдарын басқан кезден-ақ оның бойындағы мінезі мен әдебі жеке тұлға ретінде қалыптасуына негіз болады. Әр адамның бойында болашақ мамандығына негіз болатын қандай да бір іске қабілеті бар.
Мамандықты дұрыс таңдап, өмірлік бағытты ақылмен іздеудің маңыздылығы күннен күнге артуда. Себебі уақыт пен заман талабына сай мамандықтар мен кәсіптер де алуан түрлі. Ең алдымен, экономика және еңбек нарығындағы өзгерістердің ықпалына қарай сан қырлы мамандық иелерінің заманы басталуда. Яғни жас түлектердің, жасөспірімдердің алдында күрделі таңдау тұр. Мен де осындай маңызды таңдаудың алдында тұрмын.
Менің ойымша, мамандықты таңдау жар таңдаумен тең келетін адам алдында тұратын ең маңызды шешімдердің бірі. Үлкендер «Жар таңдау мен мамандық таңдауда қателеспе» деп жиі айтады. Мамандықтың жаманы жоқ, дегенмен жаныңа жақын болмаса, істеп жүрген жұмысың жай күнелту, ақша тауып күн көру жолы ғана болып қалары сөзсіз. Ал жүрек қалауыңмен таңдалған мамандық бойынша жұмыс істеу өмір сүрудің материалдық қана емес, моральдық та негізі болып табылады. Өзің қалаған мамандық болған соң, оған аса үлкен шығармашылықпен бар ғұмырыңды арнайсың.
Осы тақырыпқа байланысты жастардың арасында жиі кездесетін қателіктер, меніңше, сәнге айналған немесе беделді кәсіптердің жетегінде кету, ата-анасының таңдауын қолдау, мамандығы бойынша кейін жұмыс орнының табылмау қаупі, мемлекеттік грант көп берілетін мамандықтарды таңдау және диплом болса болды деген пікірді ұстану.
Осындай қателіктер жіберілмеуі үшін не істеу керек? Мамандық таңдау – тек болашаққа үңілу ғана емес, ол өзінің ішкі жан дүниесіне үңілу, өз қажеттілігіңді түсіну.
Мектеп қабырғасында әдебиетке, өнерге жақын болып, алайда кейін ата-анасының қалауымен, не болмаса, гранттың бөлінуіне қарай немесе айтып өткенімдей, басқа да кедергілер мен себептерді ескере отыра мүлдем басқа салаға кетіп қалған жастар көп. Адам өз қолынан келетін, икемі бар, өзіне жақын істің маманы атануы керек деп ойлаймын. Мемлекеттік грантқа қол жеткізу үшін уақыт жоғалтпай, барынша ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу қажет.
Сонымен қатар әр бала өз мамандығын өзі таңдауға қабілетті дегенмен, ана-ана мен мектептегі ұстаздардың рөлі ерекше. Меніңше, жаңа өмірге қадам басқалы тұрған 16-17 жастағы балаларға ата-анасы барынша демеу болып, қолдау көрсетуі аса маңызды. «Алуан-алуан кәсіп бар, таңдай біл де, талап қыл» деген жақсы сөз бар. Барлығы өз қолымызда. Еңбектің көзін тауып жұмыс істеген байлықтың өзін табады. Қазіргі заманда қажетті білім алып, мансап, кәсіп тұрғысында даму үшін жағдай жасалған.
Сонымен қатар бүгінгі таңда білім жүйесіне де жаңа міндеттер қойылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында білім сапасын жақсарту міндетін алдыңғы қатарға қойды. Президенттің айтуынша, білім және ғылым саласының дамуына тың әрі тегеурінді серпін қажет. Осы тұрғыда сапалы білім беріп, болашақ білікті маман иесін дайындап шығару үшін оқу орындары заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланысты мәселелерді қолға алып, кешенді шаралар қабылдап жатыр деген ойдамын. Мектеп бітірушілерге тек қана мамандықты дұрыс таңдап, сол бағытта еңбектену қажет.
Біз – еліміздің маңызды капиталымыз десек те болады. Сондықтан да мамандық таңдағанда қателеспеуіміз қажет. Өзімізді қызықтырған саланы игере алсақ, қоғамға пайда әкеліп, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне үлесімізді қосарымыз сөзсіз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, өмірде өз орныңды тауып, өз маманының шебері атану мамандықты дұрыс таңдауға тікелей байланысты.

 

Риза Талғатқызы
11-сынып оқушысы