«АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАН-ЭПОПЕЯСЫНДАҒЫ АБАЙҒА БЕРГЕН ӘКЕ ТӘРБИЕСІНІҢ НЕГІЗІНДЕ ЖАТҚАН ТҰЛҒАЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІ

(Бүгінгі қазақ отбасыларына Құнанбай қажет болар)

Ақын Абайды барша әлем Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» атты роман-эпопеясынан таныған. Роман ұлы ақынның балалық шағынан бастап, ақтық демін шығарғанға дейінгі оқиғалардың мерзімін қамтиды. Романда Абайдың ақындығының алтын бастауы, Ерболмен құрған берік достығы, мәңгі арман болып қалған Тоғжан атты ыстық махаббаты, қоғамға әкелген баға жетпес үлесі мен ата-анасымен қарым-қатынасы анық, ашық бейнеленген. Абайдың көрнекті ақын, әйгілі аудармашы, ұлы, дана, әрі дара тұлға атануына ата-анасының, әсіресе әкесі Құнанбайдың рөлі қандай болды?

Құнанбай — Тобықтының аты әйгілі, өз ісімен белгілі қайраткері, әуелі аға-сұлтан, алайда Ресей империясының өзгерістеріне байланысты болыс болған, ескі дәуірдің ірі тұлғасы. Ал оның ұлы Абай жаңа заманның жақтаушысы болғандықтан, әке мен бала арасындағы қарама-қайшылықтар көп болып, қақтығыстар жиі орнаған. Абай әкесінің ел билеу қағидаларына қарсылық танытып, оның ойларымен келіспейтін. Әкесін тым тәкаппар, қатыгез санайтын. Алайда осыған қарамастан, менің ойымша, Абайдың белгілі ағартушы болуына, оның тұлға ретінде қалыптасуына тікелей әкесінің берген тәрбиесі әсер етті.
Себебі халық айтқандай, «әкесі қой баға білмегеннің – баласы қозы баға алмайды».
«Абай жолы» романы Кеңестік кезеңде цензура қыспағынан әрең өтіп, жарыққа шықты. Сол заманның идеологиясына сай Әуезов Құнанбайды барынша қатыгез, озбыр адам ретінде көрсетті. 2015 жылы Құнанбай Өскенбайұлы туралы қазақстандық тарихи драма, өмірбаян-фильм шықты. Бірақ біз тәуелсіздігімізді алып, аяғымызға нық тұрғанға дейін көптеген оқиғалар жұмбақ пердесінің астында болған. Адамдар шындықты білмей, қате ойлап, бұрмалай жазған. Құнанбай 1875 жылдары жасы ұлғайған шағында, қажылық парызын өтеу мақсатында Мекке-Мәдинаға барған. Сол кезде қазақ жайлы ешкім біліп, танымаған. Ал мырзамыз қасиетті қалада қазақ даласынан баратын адамдарға арнап «Тәкиә» атты үй салдыртыпты. Яғни Құнанбай қажы Меккеде Орта Азиядан барған адамдар түсіп, тынығатын, тегін тұратын шағын мейманхана тұрғызған. Ал еліне қайтып оралғанда үлкен мешіттің іргетасын қалады.
Не десек те, Абайдай алып перзентті дүниеге әкелуге себеп болған адамды қарапайм деуге дәтіміз жетпес. Құнанбай ұлына ең маңыздысы – әке тәрбиесін берді. Жылулық пен махаббатты ол анасы мен әжесінен де ала алды.
Біріншіден, Құнанбай өте әділетті, өз ісіне адал кісі болған. Шындық пен ақиқаттын көзін іздеп, баласын да оған жастық шағынан баулыған. Мысалы, қаншама қатал болса да, Қодар мен Қамқаға сол заманның талабына сай жаза кесіп, өзінің әділеттілігін өзгеге де, өзіне де, ұлына да көрсетті. Бұл жағдайда Құнанбай басқа әрекетке бел бууға құқығы болмады, артында оның күші мен даналығына сенген халқы мен жұрты тұрды. Ол кезде солай болған. Бәрін жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстап, ел ішіндегі тыныштықты сақтаған Құнанбайдың басқаша әрекет етуге амалы бар ма еді?!.
Екіншіден, Құнанбай ұлын барынша жақсыға тартты. Оны әрқашан мықты, текті және білімді адамдармен қоршады. Мысалы, әр рудың басы ақсақалдар Бөжей, Қаратай, Байдалы, Байсал, Сүйіндік Абайдың азамат ретінде қалыптасуына ықпал етті. Әкесі баласын үлкендердің жиналыс-отырысына шақырып, кей кезде тіпті өз оймен бөлісуге рұқсат берген. Бөжейдің жылына ас беруге де Абайдың күшіне иланып, оған үлкен сенім артқан.
Үшіншіден, Құнанбай өте қатал, мүмкін, қатыгез де болған. Кейде шектен шыққан, ұлы оны құптамаған. Бірақ қанша құптамай, қай жерден сынға алса да, әкесінің тепсе темір үзетіндей мінезіне тәнті болған. Керек жерде оны пір тұтқан. Бұл жағдайға ұқсас шығармадағы мәселені алайық. Дулат Исабековтың «Гауһартас» атты туындысындағы Тастанның әкесі де тастай қатты мінезді болған. Бұл қатыгездік болашақта Тастанның өміріне теріс әсерін берді. Ал Абайдың әкесі Құнанбай қаталдықты ақылмен бірге алып жүрген. Сондықтан Абай мен Тастан — мүлдем бір-біріне ұқсамайтын, бөлек әлем иелері.
Қазіргі қазақ отбасыларындағы әкелер 19-ғасырдағы парасатты, әділетті, қатал мінезді Құнанбайдан үлгі алуы қажет.
Әйел мен ерлердің теңдігі қалыптасқан бүгінгі заманда әке тәрбиесі босаңсып кеткендей. Ұрпақ тәрбиесіндегі әке рөлін әлсіретіп алмаудың маңызы зор. Алайда тал бесіктен басталатын тәрбиенің тізгіні мықты болуы қажет. Сол үшін де бүгінгі ата-ана балаға беретін ізгілік қасиет қазақы тәлім-тәрбиемен ұштасуы керек.
Мен Құнанбайдай әкелеріміз болса деймін және де осындай әкелер қайсар да қайратты жастар тәрбиелеуге керек деп ойлаймын.

Риза Талғатқызы
11-сынып оқушысы