ӨТКЕН ЖЫЛЫ НЕКЕ АЗАЙЫП, АЖЫРАСУ САНЫ АРТҚАН

дерек пен дәйек не дейді?

Елімізде жастар отбасылы болуға асықпайды. Бұдан біршама уақыт бұрын жастардың некеге тұру жасы біршама төмен болатын. Дегенмен жыл өткен сайын бұл көрсеткіш артып барады. Бұл ғана емес, соңғы жылдары Қазақстандағы ажырасу деңгейі әлемдегі рейтингтердің алдыңғы қатарынан көрініп келеді. Сарапшылар да шаңырақтың шайқалуын сан түрлі себеппен байланыстырады. Осы орайда, бүгінгі материалымызда еліміздің көрсеткіштерін саралауды жөн санап отырмыз.

«Petrelli Previtera» ұйымының биылғы жаңартылған мәліметіне сәйкес, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде Мальдив аралдарынан кейінгі екінші орында тұр. Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Яғни коэффициент — мың адамға шаққанда 4,6. Былтыр елімізде әрбір мың некенің 333-і ажырасқан деген дерек те бар. Отбасы құрып, дәм-тұзы жараспағандардың 34,9 пайызы алғашқы 1-4 жыл ішінде ажырасуға арыз беретін болып шықты. 5-9 жыл ішінде екі жаққа кетуді қалағандардың үлесі 26,7 пайыз шамасында. Қарап отырсақ, отбасы құрғандардың ішінде алғашқы 10 жылда ажырасуға бел байлайтындардың қатары қалың. Сарапшылар еліміздегі ажырасудың негізгі себебі ретінде туыс-туғандардың араға түсуін алға тартады. Көрсеткіш бойынша шамамен 61 пайыз оқиға дәл осы себеппен болған. Енді бір сала мамандары ажырасу процесінің жеңіл болуының өзі осындай олқылықтарға ұрындырып отырғанын айтады. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта жастардың санасы өзгеріп келеді. Бұған дейін қалыптасқан отбасы институты үлкен кедергілерге тап болуда. Некеге, отбасылы өмірге, ер мен әйелдің міндеттеріне деген көзқарас та сан түрлі. Нәтижесінде бір-бірін түсінісе алмағандар ажырасып тынады. Бұдан келетін әлеуметтік мәселе де, психологиялық зардап та ауыр. Біріншіден, ажырасқан отбасы алғашында қаржылық мәселелерге тап болады. Екіншіден, ортада қалған бала психологиялық тұрғыда зардап шегеді. Еліміздің ертеңі бүгінгі бүлдіршіндер екенін ескерсек, олардың ауыр күйзелісте жүруі жан-жақты дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды.
Қош делік, ажырасу деңгейінің әлі де көп екеніне көзіміз жетті. Ал көрсеткіш қандай қарқынмен өзгеріп келеді? Осыған ойысайық. ҚР Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы ажырасу деңгейі 2022 жылмен салыстырғанда 9,6 пайызға азайып, 40,2 мыңды құрады. Оның ішінде 29,4 мың отбасы немесе жалпы көрсеткіштің 73,1 пайызы қалаға тиесілі болса, қалған 29,9 пайыз немесе ауылдағы 10,8 мың отбасы некесін бұзған. Жалпы ажырасу коэффициенті – мың адамға шаққанда 2,02. Бұл деректер «Petrelli Previtera» ұйымының көрсеткіштерінен әлдеқайда төмен. Әйткенмен жағдайдың жақсы емес екенін соңғы статистикадан да көруге болады. Өңірлерге келсек, ажырасудың ең жоғары деңгейі Шығыс Қазақстан облысында тіркеліп отыр. Ал ең төменгі көрсеткішке Түркістан облысы ие. Бір қызығы, былтыр 1000 некенің 333-і ажырасса, 2022 жылы 347 неке бұзылған. Қарап отырсақ, жалпы жағдайды жақсы деуге келмейді.
Бұл ғана емес, елімізде неке саны да азайған. Нақтырағы, былтыр 120,8 мың неке тіркелген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 5,9 пайызға аз. Жалпы коффициент – 1000 адамға шаққанда 6,07. Өңірлерге ойыссақ, ең көп неке Астана қаласында тіркелген. Ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысына тиесілі. Алғаш рет некеге тұрғандардың орташа жасы ерлер үшін 27,8 болса, әйелдерде 25,2 жас шамасында. Бір қызығы, сарапшылардың пікірінше, өткен жылғы неке бойынша көрсеткіш рекодтық төмен деңгейді көрсеткен. Соңғы рет 135 мыңнан астам жұп ресми некеге тұрған көпжылдық динамикадағы ең аз неке 2008 жылы тіркелді. Ол кезде Қазақстан халқының саны 16 млн-ға да жетпеген әрі ауыр дағдарысты басынан өткеріп жатқан кезең болатын.
Қарап отырсақ, қазіргі жастар отбасы құруға асықпайды. Психологтардың айтуынша, шаңырақ көтеруге ниеті болмаудың көп жағдайда төрт себебі бар. Біріншіден, жауапкершілікті мойнына алғысы келмеу, екіншіден, отбасындағы тәрбиенің кемшілігі, үшіншіден, жастар отбасылық өмірге дайын емес, төртіншіден, өзі сүріп жатқан қалыпты өмірді жоғалтып алмауға тырысады. Бұдан бөлек, әртүрлі жағдай әсер етеді – отбасының әлеуметтік жағдайы, қоғамдағы қалыптасқан түсінік. Ең алдымен жақсы қызмет, мансап, үй, көлік сатып алу, сосын барып үйлену деген түсінікпен жүргендер жетерлік. Ал медицина мамандары отбасы құруға ең қолайлы жас ретінде 18 бен 25 жас аралығын көрсетеді. 27-30 жастан асқаннан кейін ер азаматтарда денсаулық жағдайына байланысты, сәби сүйе алмау қаупі барын алға тартатын ақ халаттылар да бар.
Қарап отырсақ, қоғамдық түсінік пен стереотиптер уақыт өткен сайын өзгеріп келеді. Бұдан бірнеше жыл бұрын қоғамның санасына шырмалып, өзгерместей көрінген құндылықтардың бүгінде шеті сетінеп, маңызын жоғалтуда. Дегенмен отбасы институтының әлсіреуінен қазақ қоғамының ұтылары бесенеден белгілі. «Он үште отау иесі», «Балаңды жеті жасқа дейін патшаңдай көр, жеті жастан соң құлыңдай жұмса, он бес жасынан досыңдай сырлас» деген қастерлі сөз, қасиетті ұғымды ұмытып бара жатқан секілдіміз. Бұл сөздің астарында шаңырақтың жауапкершілігі, отбасының маңызы, ер азаматтың міндеті жатыр. Мұны қазіргі жастарға ұқтыру, түсіндіру оңай емес. Сондықтан да болар, секемшіл сенімнің жетегінде отыздан асса да, әлі шаңырақ құруға асықпайтын азаматтар арамызда көп. Отау құрғандардың арасында да қит етсе, ажырасуға даяр тұратындар аз емес. Бір сөзбен айтқанда, қазақ қоғамындағы ажырасу мен неке санының азаюы алдағы бірнеше онжылдықта ауқымды әлеуметтік һәм экономикалық мәселелерге ұрындыруы бек мүмкін…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ