АССАМБЛЕЯ ӨКІЛДЕРІ ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫНА БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСТЫ

Қоршаған ортаны таза ұстау мен экологиялық сауатты арттыру мақсатында елімізде ауқымды бастамалардың көтеріліп келе жатқаны белгілі. Бұған дейін ел аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алған болатын. Осы орайда, өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков республикалық экологиялық акцияны ұйымдастыру бойынша арнайы жиын өткізген болатын. Онда қала аумағында тазалық шараларын тиімді ұйымдастырудың тетіктері қарастырылып, өзекті мәселелер пысықталды.

Республикалық экологиялық акциясын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Акция аясындағы атаулы 5 аптада тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар, кәсіпорындар өздеріне тиесілі аумақтарды, аулаларды тазартады. «Киелі мекен» шарасы аясында тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, «Жасыл аймақ» аптасында ағаш көшеттері отырғызылады. Ал «Өнегелі ұрпақ» аптасы ардагерлердің аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалаумен ерекшеленсе, «Мөлдір бұлақ» шарасы шеңберінде су айдындарының жағалауы қоқыстан тазартылады. Қала әкімі жауаптыларға белсенді азаматтармен тығыз жұмыс жүргізіп, жергілікті халықты сенбіліктерге тартуда нақты тапсырмалар берді. Бұл бағыттағы шаралардың тұрғындар жауапкершілігін арттырып, қала тазалығын жақсартуда маңызы зор.
Осы орайда, үшінші мегаполисте өткен аптада ауқымды сенбілік өтті. Бұл акцияға қала аумағын абаттандыруды белсенді бастаған Шымкент тұрғындарымен бірге ассамблея мүшелері де ерекше қолдау көрсетті. #TazaShym экологиялық акциясы аясында «Қазақстан — Түркия достығы» саябағында өткен іс-шараға қала тұрғындары, қоғам белсенділері, ассамблея мүшелері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды жинау, көгалдандыру, ағаштарды күту бойынша жұмыстар жүргізді. Акцияға қатысушылар саябақтағы қоқыстарды тазалап, шөп ору, ағаштарды әктеу, кесу жұмыстарын жүргізді. Бұдан басқа, шағынаудандардың аулаларын, қоқыс жәшіктерін тазалау, орындықтарды, балалар алаңдары мен спорт алаңшаларын ретке келтіру жұмыстары жүзеге асырды. Тазалық жұмыстарын 1200-дан астам адам қатысып, 17 арнайы техника жұмылдырылды, барлық аяқжолдар тазаланып, 56 м3 қоқыс шығарылды, 14 шақырым ирригациялық жүйелер тазаланды. Іс-шараға армян этно-бірлестігінің өкілі Н.Мавсосиян, белсенді жас А.Сұлтан және Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Д.Қожамжарова және басқа да қала тұрғындары қатысты.
Бұдан бөлек, шаһар көлемінде өткен ауқымды шарада қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірге Әл-Фараби ауданындағы тазалық шараларына қатысты. Жалпықалалық акцияға атсалысқан белсенді жастар мен еріктілер, жергілікті азаматтар «Ордабасы» алаңы мен «Тәуелсіздік» саябағының аумағы, «Қошқар ата» өзенінің жағалауы, алаңдағы жолүсті көпірі, «Жер Ана» монументі маңына тазалық жұмыстарын жүргізді. Ғабит Әбдімәжитұлы қаламызға деген жанашырлықты, ауызбіршілік пен ынтымақты көрсететін тазалық шараларының маңыздылығына тоқталып, барша тұрғындарды тазалық жұмыстарында белсенділік танытуға шақырды. Айта кетейік, қала аумағындағы бұл бағыттағы жұмыстарға 4,5 мыңнан астам адам қатысып, 56 арнайы техника жұмылдырылды. 10,6 шақырым аяқжол тазаланып, 5500 дана ағаш әктеліп, қырқу жұмыстары жүргізілді. 85 текше метр қоқыс шығарылып, 4365 метрлік ирригациялық жүйелер, 18 658 шаршы метрді құрайтын көше бойы тазаланды.