ЖАСТАР ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА АТСАЛЫСТЫ

Патриотизм қоршаған ортаны қорғаудан басталады. Туған жерге, өзі тұратын қалаға құрметпен қарау – жастардың басты міндеттерінің бірі. Осы орайда, мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Шымкент қаласының жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері тазалық жұмыстарын жүргізді.

Атап айтар болсақ, «Мирас» және Орталық Азия Инновациялық университеттері мен Политехникалық колледж жастары өз оқу орындарының алаңын тазалады. 160-қа жуық студент оқу алаңдарын сыпырып, гүлдер мен ағаштардың түптерін қопсытып, жиналған қоқыс қалдықтарынан тазартты. Нәтижесінде аталған 3 оқу орынан 50 келі түрлі қоқыс қалдықтары шығарылды. Айта кету керек, 8 сәуір күні республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Науқан 5 аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар. Өткен апта «Таза өлке» деп аталады. Бұл күні тұрғындар мен кәсіпорындар, оқу орындары, түрлі мекемелер өз үйлері мен ғимарат аумақтарында тазалық жұмыстарын жүргізеді.
Өткен аптада тазалық жұмыстарын атқарған студент-жастар алдағы уақытта да тазалық жұмыстарына белсене қатысып, өз өлкесінің тазалығын сақтауға араласатындықтарын білдірді. Жастардың айтуынша, тазалық бір күндік жұмыс емес, сондықтан да қоршаған ортаның үнемі таза болуына әрбір тұрғын өзін жауапты сезінсе, қаламызда тазалық сақталады.