ШЫМКЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАЛА ӘКІМІНЕ ӨЗ ҰСЫНЫСТАРЫН ЖЕТКІЗДІ

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Уақыттың бүгінде шенеуніктерге қойып отырған талабы қатаң. Яғни жергілікті атқарушы билік бұқараға жақын болуы керек.

Бұл ғана емес, көмек сұрап келген көптің мәселесіне бей-жай қарауға болмайды. Осы орайда, еліміздің барлық өңірінде мемлекет басшысы бастамашы болған тұжырымдама сәтті жүзеге асып келе жатыр. Оған мысал да көп. Мәселен, жуырда ғана Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қабылдауына жазылған 53 азаматтың мәселесін тыңдап, шешімін қарастырды. Қабылдау барысында мәдениет, әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік мақсатта жер телімін заңдастыру мәселелері көтерілді. Тұрғындар қалада туризм салаларын дамытуға қатысты, білім беруде процестерді автоматтандыруға бағытталған жобаларымен қатар, жаңа ескерткіштер орнатуға қатысты бастамаларын ұсынды.
Қала басшысы мегаполисті дамытуда ұсыныстарын білдірген азаматтарға алғысын айтып, сала басшылары мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар әкім орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары 200-ден аса азаматтың арыз-шағымдарын тыңдап, шешімдерін пысықтады. Ғабит Әбдімәжитұлы азаматтар тарапынан көтерілген әрбір мәселені жіті тыңдап, заң шеңберінде, шұғыл түрде шешім қабылданатынын жеткізді. Сондай-ақ жауаптыларға тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, туындаған мәселелерді шешуде азаматтардың ұсыныстары мен талаптарын ескеруді тапсырды.