АЛАЯҚТАРДАН КЕЛГЕН ШЫҒЫН — 18,9 МЛРД ТЕҢГЕ

Қазіргі уақытта алаяқтар көп. Ақшасын берсе, аспандағы айды да алып беруге уәде беріп, қалтасын қампайтқаннан кейін іс-түссіз жоғалатын мұндай қулармен күрес те қарқынды жүріп келеді. Күн сайын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алаяқтықтың сан түрлі тәсілі турасында кеңірек ақпарат алып келеміз. Дегенмен қанша жерден көп білгенімізбен, алаяқтардың арбауына түсіп қалатындар әлі де көп.

Ең өкініштісі, мұндай қылмыс түрлерімен күресу де қиын. Өйткені өрмекшінің торындай шырмалған схемалардың басында кімнің отырғаны көп жағдайда беймәлім күйінде қалады. Деректерге ойыссақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі соңғы үш жылда алаяқтық фактілері бойынша 770 қылмыстық іс тіркеген. Бұл деректі аталған агенттіктің ресми өкілі Данияр Бигайдаров растады. Оның айтуынша, республика бойынша алаяқтарға берілген қаражаттың жалпы сомасы 18,9 млрд теңгеден асады. Аз ақша емесі айқын. Ең өкініштісі, мұндай қылмыстар уақыт өткен сайын кең етек жайып бара жатыр.
Қазынаның қаржысын қалтаға басатындар, халықтың тиындап жиғанын үптеп кететіндер, ең әрісі, оңай олжаны кәсіп еткендермен күрес күшейгенімен, нақты нәтижені көзіміз көрмей келе жатыр. Жария болатыны бір бөлек, ашылмай жатқанының өзі қаншама. Туысы мен танысы лауазымды қызмет атқарған уақытта өзін жарты әлемнің патшасындай сезініп, алаяқтықпен пайдаға кенелгендердің біразы темір торға тоғытылды. Бұл үрдіс әлі де жалғасып жатыр. Бір ғана нәрсе айқын, тазартуды жоғарыдан бастау керек. Әйтпегенде төмендегіні түрмеге тоғытумен мәселе шешілмейді.

О.ҚАСЫМ.