ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Ғаламтордың кең қолданысқа енуімен қоғам өмірі жеңілдеді. Дегенмен бұл процестердің өзіндік зардаптары да бар. Мәселен, қазіргі уақытта ақпарат өте жылдам тарайды. Оның жылдамдығы сонша, әлемнің мына бұрышындағы жаңалық келесі шетіне санаулы секундта жетіп барады. Мұны бүгінде сан түрлі танымы жат, түсінігі бөлек, пиғылы арам әлдебір топтар өз мүддесіне пайдаланып келеді. Өз құрығына жастарды іліп, айтқанына жүргізетін түрлі деструктивті ағым өкілдерімен күрес бүгінде қарқынды жүргізіліп келеді.

Мәселен, үшінші мегаполисте соңғы жылдары ақпараттандыру жұмыстары қарқын алды. Мұның нәтижесінде көптеген қала жастары құнды деректерге қанық болды. Саяси, діни сауаты артты. Мұндай бастамалар әлі де жалғасын тауып келеді. Жуырда Шымкент қаласының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ақпарат көздерін дұрыс пайдаланайық» тақырыбында Шымкент жоғарғы педагогикалық колледжі мен Ж.Тәшенов атындағы университетінің жастарымен кездесу өтті.
Жастарды деструктивті діни идеологияның ықпалынан сақтау, дін мен дәстүрімізді жаңғырту мақсатында өткен іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ-нің ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Әбдікәрім Нұржан және Шымкент қаласы «Атамекен» мешітінің имамы Әбжәлел Нұрсұлтан қатысты. Мамандар қоғамдағы жат ағымдар мен олардан сақтану жолдары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік желілердегі түрлі діни бағыттағы суреттер, видеолар мен өзгеде ақпараттарды таратпауға кеңес берді. Жиын барысында жастар өздерін мазалаған және қызықтырған мәселелер төңірегіндені сауалдарын жолдады. Спикерлер әрбір сұраққа толымды жауап беріп, пікірін ортаға салды.