ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ ШЫМКЕНТТІК ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі деңгейдегі атқарушы билік өкілдеріне халыққа ұдайы есеп беріп, түйткілді түйіндеріне құлақ асуды тапсырған болатын. Сәйкесінше, қазіргі уақытта «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Мәселен, қала әкімдері мен министрлер еліміздің әрбір өңіріндегі тұрғындармен тілдесіп, мәселелеріне құлақ асуда, осы орайда, жуырда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жұмыс сапары аясында Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды қабылдады.

Министр Шымкент қаласының тұрғындары, БАҚ өкілдері, сондай-ақ қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары мен құрылыс ұйымдарының өкілдері қатысуымен кездесу өткізді. Кездесу барысында тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үй нысандарының құрылысының көлемі мен сапасы, мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар көтеріліп, сондай-ақ өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындарының проблемалық бағыттары және басқа да мәселелер айқындалды. Кездесу қатысушылары отандық жеңіл өнеркәсіп, қосалқы бөлшектер, электр жабдықтарын және өзге де өнімдерді шығаратын кәсіпорындарға қолдау көрсетуді сұрады. Министр Қанат Шарлапаев ел Президентінің өңдеуші өнеркәсіпті қолжетімді шикізатпен және барабар бағамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында министрлік «Индустриялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өндіруші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету туралы шарттар жасасу міндеттемесі бойынша түзетулер әзірлегенін айтты. Механизм шикізатты ішкі нарықта бәсекеге қабілетті бағамен сатуды көздейді.
Шикізатпен қамтамасыз ету талабын орындау мақсатында отандық шикізатты экспорттауды лицензиялау енгізілуде. Лицензия берудің негізгі критерийі — отандық шикізатты өндірушінің өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындау. Азаматтарды қабылдау барысында «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» мемлекеттік бағдарламасына қатысушы бастамашыл топтың өкілі А.Бәкібаева министрге өтінішпен келді. Қанат Шарлапаев Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан тұрғын үй бағдарламасына жұмысшы жастардың қатысу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ «Зейнеп» ЖШС директоры Ғ.Уәлиханов Өнеркәсіп және құрылыс министріне медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру жөніндегі жобасын қолдау және «Оңтүстік» АЭА аумағынан жер телімін бөлу туралы өтінішпен жүгінді. Министр жобаны жүзеге асыру үшін Шымкент қаласынан жер телімін бөлу мәселесін пысықтауды, сондай-ақ жобаны Индустрияландыру картасына енгізуге қолдау көрсетуді тапсырды.