ҚАЛА ӘКІМІ ЖАҢА КӘСІПКЕРЛІК НЫСАННЫҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ
Шымкент қаласында кәсіпкерлік саланы дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Күні бүгінде шаһарда шағын және орта бизнестің қанаты кеңге жайылуда. Сәйкесінше, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың өзі бірқатар кәсіпкерлік мекемелерге барып, тыныс-тіршілігімен танысып, қажет көмектердің берілетінін тілге тиек етуде. Мәселен, жуырда қала әкімі Еңбекші ауданынан бой көтерген құс фабрикасының ашылуына қатысты.
Жұмысын бастаған «Аймар Құс» ЖШС бірінші кезеңде жылына 72 млн дана жұмыртқа өндіреді. Бұл қала халқының жұмыртқа өніміне сұранысының 42 пайызын қамтиды. 4 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба 50-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жаңа құс фермасының өндірісімен танысқан қала басшсы бүгінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ саланы дамытуда Мемлекет басшысының Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар маңызды міндеттер жүктегеніне тоқталды. Естеріңізге сала кетейік, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елімізде сапалы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобалардың басым бағыттар екенін атап өтті. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін өндіретін кәсіпорындарды ашу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Сәйкесінше, Мемлекет басшысы тапсырмалары аясында бүгінде қалада ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді жоспарлар іске асырылуда. Қазір мегаполисте 5 мыңнан астам шаруа қожалықтары, 50-ге жуық түрлі қайта өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді. Жыл сайын 50 млрд теңгеден астам сомаға ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіреді. Құс фермасының іске қосылуы азық-түлік белдеуінің қалыптасуына оң әсер етіп қана қоймай, қала тұрғындарын жергілікті өніммен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне кіретін 1- санаттағы жұмыртқалардың бағасын тұрақтандыру мақсатында ашылған «Аймар Құс» ЖШС-мен айналым схемасы тетігі шеңберінде шарт жасалды. Форвардтық шарт аясында серіктестік 1-санаттағы жұмыртқаларды қала аумағындағы сауда нүктелеріне белгіленген бағамен өткізеді.
Әлемдік биоқауіпсіздік стандарттарына негізделген ферма — тауық жұмыртқасын өндіру бағытындағы озық үлгідегі кәсіпорын. Еуропалық заманауи құрылғылармен жабдықталған кәсіпорында 2026 жылға дейін өндірістің 2-кезеңі іске қосылады. Онда тауықтарға арналған 8 цех және оларды өсіруге арналған 1 цех салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2026 жылға қарай жұмыртқа салатын тауықтардың санын 660 мыңға жеткізу көзделуде. Бұл өндіріс көлемін жылына 220 млн жұмыртқаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мұның өзі өңірдегі ғана емес жалпы елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне айрықша әсер етпек.