ӘЛЕУМЕТТІ ӘБІГЕРГЕ САЛҒАН СУ ТАСҚЫНЫ

бөлінген әрбір тиын тиімді жұмсалуы керек

Соңғы бірнеше күн ішінде қазақ қоғамын дүр сілкіндірген оқиғалар болды. Тарқата баяндасақ, еліміздің бірнеше өңірін су басты. Бірқатар елді мекендер еріген қар суының астында қалды. Әлеуметтің тірнектеп жиған дүние-мүлкі мен маңдай терімен салған баспанасы, қала берді қорасындағы азын-аулақ малы суға кетті. Белуардан суға батқан үйлердің қаншасы қайтадан тұруға жарайтыны әзірге белгісіз. Әйткенмен шығын көлемінің үлкен екені анық. Қазіргі таңда адам шығынын болдырмауға тырысып бағуда. Қош делік, мәселені басынан тарқатайық…

Мұндай апат елімізде алғаш рет болып отырған жоқ. Жыл сайын қайталанып келеді. Әйткенмен биыл орын алған оқиғаның салдары ауыр екені айтпаса да белгілі. Сондықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапарынан кейін шұғыл кеңес өткізіп, төтенше жағдайды жіті қарады. Ел азаматтарына алдағы уақытта көмек көрсетілетінін айтты. Сонымен қатар жауапты сала басшылары мен шенеуніктер президенттің сын садағына ілікті. Атап айтқанда, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс берді. Одан бөлек, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровқа, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевке қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берілді. Ал Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов және Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа қатаң сөгіс жарияланды.
Жалпы біздің елімізде көктем шыға сай-саланы су басып, әлеуметті әбігерге салатыны жаңалық емес. Сондықтан жыл сайын арнайы жиын өтіп, дайындық шаралары пысықталады. Биыл 20 ақпанда да дәл осы мәселеге орай Үкімет отырысы өткен болатын. Міне, сонда жауапты министрліктер баяндама жасап, дайындық шаралары турасында мәлімет берген. Сол уақытта Премьер-Министр Олжас Бектенов деректерді тыңдай келе тиісті шаралардың толық деңгейде қабылданбай жатқанын тілге тиек еткені бар. Нақтырағы «Барлық 218 іс-шараның 92-сі осы уақытқа дейін орындалмай отыр. Жұмысқа бұлайша селқос қарауға болмайды» деген болатын Үкіметбасы. Қош делік, арада көп уақыт өткен жоқ. Еліміз тағы да ауқымды мәселеге ұрынып шыға келді. Демек айтылған ескерту далада қалды. Әйтпегенде арада 1 айдан астам уақыт өтті. Бұл белгілі бір істі тындыруға, ең кемі, су басуы ықтимал өңірлердің тізімін жасап, тұрғындарды құлақтандыруға жетер еді ғой.
Мәселенің себебіне келсек, жуырда ғана өткен жиында жауапты министрлік өкілдері топырақтағы ылғалдың жоғары болуымен түсіндірді. Яғни өткен жылдың күзінен бастап елімізде жауын-шашын көп болған. Қыста қардың қалың жауғаны онсыз да белгілі. Міне, осы ылғал қар астында жатып қатқан. Нәтижесінде тоң пайда болған. Ал өткен айдың аяғында күннің күрт жылынуы мен жаңбырдың мол жаууы судың жерге сіңбей, сай-саламен ағып, жиналуына себеп болған. Бір қызығы, ақпанда өткен отырыста баяндама жасағандар қар жамылғысындағы ылғал қоры кей өңірлерде көпжылдық мәннен жоғары екенін айтқан. Әйткенмен мұның салдарын салмақтап, нәтижесін таразылауға ешкім құлықты болмағанға ұқсайды. Өйткені кей өңірлерде дайындық деңгейі тіпті жоқ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай жазған болатын. Нақтырағы «Тіпті, кейбір аудан әкімдіктерінде қайық тұрмақ, 10 пар резеңке етік табу қиын болып жатыр. Үкімет пен әкімдіктер арасында байланыстың жоқтығына, үйлесімді жұмыстың болмауына көз жетті» деді ол. Қош делік, осының өзі жергілікті атқарушы биліктің салғырттығын аңғартса керек. Бұл ғана емес, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, 15 наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін Қазгидромет 100-ден астам ескерту жариялаған. Олар хабарлау схемасына сәйкес, жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарға жіберген және қазіргі кезде де жолданып жатыр. «Алайда, әкімдіктер болжамға қажетті деңгейде назар аудармады, осы себепті су тасқыны қаупіне тиісті баға берілмеді және уақтылы алдын алу шаралары қабылданбады» деді ведомство басшысы. Қарап отырсақ, жыл сайын қайталанатын мәселеден жергілікті атқарушы билік те, жауапты министрлік те әзірге сабақ ала қоймаған.
Мұның себебін Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз конференциясында былай деп түсіндірді «Байқаған болсаңыздар, су өзендерден емес жазықтан келіп жатыр. Шынымызды айтсақ, су біз күтпеген жақтан келді. Яғни су даладан келді. Байқаған болсаңыз, кейінгі 30 жылда судың артуы даладан туындаған жоқ болатын. Сондықтан бүгінгі таңда «Тасқынға қарсы дер кезінде ден қойдық деп айта аламыз. 46 елді мекенде судың үйлерге кіруін болдырмадық». Бір қызығы, су тасқыны кезінде қалай әрекет ету керегін әлеумет әлі де жіті білмейді. Оған жергілікті әкімдіктердің салғырттығын қосыңыз. Нәтижесінде ағын судың өзі алапат апат болып шыға келеді. 2 сәуірде Үкімет отырысында айтылған ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанның қар басқан аумағы — 27 пайыз. Қазақстанның жазық аумағындағы өзендердің барлық бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі азайды. Ең үлкен су тасқындары Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының және Қостанай облысының оңтүстік бөліктерінің өзендерінен өтуде. Бірақ су тасқыны қаупі әлі күнге дейін сақталады. Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары және Қостанай облысының солтүстік жартысындағы өзендерде су деңгейінің көтерілуі әрі қауіпті белгілерден асуы байқалып отыр.
Қош делік, тапқан-таянғанын су шайып әкеткен әлеумет не істейді? Мәселен, бір ғана Ақтөбе облысында 300-ге жуық жылқы, 600 басқа жуық ірі қара, 2 мыңнан астам ұсақ мал, 7 түйе қырылған. Құлаған үй мен қабырғасы опырылған қора тағы көп. Жауапты басшылардың айтуынша, қазіргі уақытта Үкімет деңгейінде жұмыс тобы құрылған. Әкімдіктер де өз деңгейінде осындай комиссиялар құрып жатыр. Олар оқиға орындарын зерттеп, тексереді. Шығын көлемін анықтайды. Одан кейін баспанадан айырылған азаматтарға үй салу, қырылған мал басын анықтап, шығынын өтеу сынды жұмыстар жүргізіледі. Мұның барлығына жергілікті және республикалық бюджеттен қаржы қаралатынын айта кету керек. Дегенмен оның өзіне қатаң бақылаудың қажеті белгілі. Бөлінген әрбір тиын тиімді жұмсалуы керек. Әйтпегенде тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп, зардап шеккен жандарға жетпей қалуы ғажап емес…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.