НАШАҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Нашақорлық – ауыр дерт. Бүгінде өскелең ұрпақты құрығына іліп, құрдымға батырып бара жатқан кеселмен күрес шаралары қарқынды жүруі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында да аталған тақырыпқа тоқталған болатын. Нақтырағы «Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек» деген болатын мемлекет басшысы.

Осы орайда, Шымкент қаласында жастар арасында есірткіге тәуелділіктің зияндығын насихаттау мақсатында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Мирас колледжінің студенттері арасында кездесу өтті. Кездесуге Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, Манабаева Балжан, Шымкент қаласы Психикалық денсаулық сақтау орталығының нарколог дәрігері Арынтаева Бағила, Шымкент қаласының №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы Алжанов Бексұлтан қатысты.
Сала мамандары нашақорлық індеті жер бетінде миллиондаған адамның өмірін жалмап жатқанын және аталған індеттің шекараны, жасты, нәсілді талғамайтынына тоқталып, есірткіден бойды аулақ салудың керегін, салауатты өмір сүру салтын ұстанудың маңызды екендігін жеткізді. Полицей студенттерге есірткі заттарын өткізу мен таратқаны үшін жазаларды, нашақорлық мәселелері бойынша деректер мен статистиканы мысалға келтіре отыра түсіндіру жұмыстарын әрмен қарай жалғастырды. Жастар тақырып аясында қызықтырған сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды.