ҰРЫҚТАНДЫРУДЫ ҰТЫМДЫ ЖҮРГІЗСЕК, ҰТАРЫМЫЗ КӨП

Елімізде аграрлық саланы дамытуға мүмкіндіктер бар. Оның ішінде мал шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар көрсетіліп келе жатыр. Мәселен, сүтті және сүтті-етті мал шаруашылығында асыл тұқымды бұқаның ұрығын сатып алуға субсидия қарастырылған. Нәтижесінде шетелден ұшақпен малды тасып әуре болғысы келмегендер ұрықты ұтымды пайдаланып отыр.

Бұл ғана емес, асыл тұқымды орталықтардың, асыл тұқымды жануарлардың ұрығы мен эмбриондарын өткізу жөнiндегi дистрибьютерлік орталықтардың және ұрықтандырушы-техниктердің тауар өндірушілердің және ауыл шаруашылығы кооперативтеріндегі ірі қара малдың аналық басын қолдан ұрықтандыру бойынша көрсеткен қызметтерінің құнын субсидиялау тетіктері де қарастырылған. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан деректерде былай делінген «Қазіргі уақытта агроқұрылымдарда сүтті және сүтті-етті бағыттағы ірі қара малды қолдан ұрықтандырумен қамту үлесі 60-70 пайызды құрайды. Яғни бұл әдіс мал шаруашылығында кеңінен қолданылып келеді. Экономикалық тұрғыдан пайдасы көп. Бүгінде елімізге шет елдерден жоғары өнімді асыл тұқымды бұқалардан алынған сапалы ұрық әкелінуде».
Ресми дерекке сенсек, 2022 жылы етті және сүтті бағыттағы ірі қара шаруашылығын дамытуға 60 млрд теңге қаражат бөлінсе, 2023 жылы шамамен 70 млрд-тан астам қаражат қарастырылған. Қош делік, асыл тұқымды мал өсірумен айналысуға ниетті азаматтарға көрсетілер қолдау көп. Осыны тиімді пайдаланып, нәтиже шығарып жатқандар да бар. Әйткенмен жергілікті жерде мұндай субсидия жайы кеңінен айтыла бермейтіні бар. Яғни халық білмей жатады. Сондықтан да болар, мұндай бастамалар біз күткен нәтижені бере бермейді. Қарап отырсақ, министрлік деректері мінсіз. Ал енді іс жүзінде қалай жүзеге асып жатқаны әзірге тұманды секілді.

Ж.БАЛАУСА.