ҚАЗАҚСТАН МЕН ҰЛЫБРИТАНИЯ ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАРДЫ БІРЛЕСІП ӨНДІРМЕК
Қазақстандағы сирек кездесетін элементтерді игеру үшін Британ технологиялары тартылады. Лондонда маңызды минералдар саласында ынтымақтастықты нығайту жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Алдағы уақытта Қазақстан Ұлыбританиямен бірлесіп, геологиялық барлау, пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу жұмыстарын жүргізбек.
Мемлекет басшысы Қазақстанның сирек жер металдарын «жаңа мұнай» деп атап, оларды игеруді үкіметке тапсырған болатын. Маңызды міндетті жүзеге асыру үшін жаңа технологиялар қажет. Осы мақсатпен Лондонға Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі барып, Ұлыбританияның Бизнес және сауда істері жөніндегі мемлекеттік министрімен кездесті. «Қазір бізде сирек жер элементтері өте көп. 18 элементіміз бар. Оның ішінде сегізін өңдеу мәселесін пысықтадық. Қазір жұмыс істелуде. Тағы 10 элементіміз бар. Технологиялар жоқ, бірақ пайдалы қазбалар бар. Ол үшін технологиялар керек» дейді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Шархан Иран.
Бір жыл бұрын Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли Қазақстанға іссапармен келіп, маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойғаны белгілі. Жол картасы — сол келісімнің заңды жалғасы. «Жол картасында қай салада серіктестік орнатылатыны нақты жазылған. Бұл жерде мәселе өзара тиімді ынтымақтастық туралы екенін түсіну керек. Британиялықтар ресурстық базамызға қол жеткізуге мүдделі болса, біздің үкімет олардың технологияларының трансферті туралы нақты талаптар қойып жатыр» дейді Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Мағжан Ілиясов.
Құжатта елімізге жаңа технологиялар тартумен қатар маңызды минералдар тізбегін декарбонизациялау, сондай-ақ ғылыми-зерттеу әлеуетімізді дамыту мәселелері қамтылған. «Бұл — өзара түсіністік туралы меморандумды ілгері жылжытуға бағытталған батыл қадам. Жол картасының нәтижесінде Қазақстанда британиялық компаниялар көкжиектерін кеңейтіп, тәжірибелерімен бөліседі деген зор үміттеміз» дейді Ұлыбританияның Өнеркәсіп және экономикалық қауіпсіздік министрі Нусрат Гани. Бүгінде британиялық «Maritime House» компаниясы қазақстандық «Жезқазғансирекметалл» кәсіпорнымен бірлесе отырып, рений элементін өндіруді бастап кетті. «Rolls-Royce» компаниясымен серіктестік орнату туралы келіссөздер жүргізілуде.