ЕЛІМІЗДЕ ТЕМЕКІГЕ ТӘУЕЛДІЛЕРДІҢ САНЫ 2,5 МЛН-НАН АСАДЫ

Елімізде темекі шегетіндердің саны көп. Ресми статистикаға сенсек, Қазақстандағы әрбір бесінші ересек адам темекі шегеді. Дегенмен соңғы жылдары көрсеткіш кеміп келеді. Ұлттық статистика бюросының іріктемелі зерттеулерінің деректеріне сүйенсек, 2023 жылы сауалнамаға қатысқан ересектердің 19,4 пайызы темекі өнімін күнделікті қолданатынын айтқан. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрын 20,4 пайыз шамасында еді.

Осы салыстырмалы мәнді абсолютті мәнге аударсақ, еліміздегі темекіқұмарлардың саны 2,7 миллион болып шыға келеді. Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары Қазақстанда жүргізетін есепке жақын. Халықаралық ұйым елімізде 2,9 млн адам темекі шегеді деп есептейді. Қарап отырсақ, күн сайын қолданылатын темекі өнімдерінің көлемі 0,4 пайызға артқан екен. Осы тұста, бұл көрсеткішке тек темекі емес, вейп, сигар сынды өзге де өнімдердің әсер еткенін айта кету керек.
Өзге деректерді де саралауды құп көрдік. Мәселен, «Global Center For Good Governance in Tobacco Control» халықаралық ұйымының мәліметіне сенсек, 2023 жылы темекі бизнесінің араласу индексі бойынша Қазақстан 90 елдің ішінде 52-ші орынға тұрақтаған. Көрсеткіш бойынша еліміз максималды 100 баллдан 60 балл жинаған. Ұйымның әдімнамасына сенсек, индекс неғұрлым аз болса, темекі лоббиі соғұрлым төмен болады. Сонымен қатар денсаулық сақтау көрсеткішіне де оң әсер етеді. Осы тұста айта кетейік, қазақ қоғамындағы темекіқұмарлар Үкіметтің темекіден болатын зиянды азайту мақсатында қолға алып жатқан шаралармен толықтай келісе бермейді. Мәселен, өткен жылы статистика жүргізген таңдамалы зерттеу нәтижесі бойынша респонденттердің тек 55 пайыздан астамы темекі өніміне салынатын салықты көтеруді қолдаған. Ал сауалнамаға қатысқандардың 24,8 пайызы салықты арттырудың керегі жоқ есептейді. Қош делік, қанша десек те, бұл зиян әдеттен қоғамның толық арыла қоюы екіталай. Мұны ресми дерек көрсетіп отыр…

Ж.БАЛАУСА.