ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫҢ 25 ПАЙЫЗЫ ҒАНА ҚАЙТА ӨҢДЕЛЕДІ

Елімізде экологиялық мәселелер көп. Жыл сайын өндірістен қаншама зиянды газ ауаға бөлінеді. Өзен мен су айдындарын ластап жатқан кәсіпорындар бар. Ай мен күннің аманында ормандарды өрт шалып, қоршаған ортаға қыруар зиян келді. Мұның бәрін былай қойғанда, қарапайым қоқыстың өзін кәдеге жарата алмай келеміз. Ресми дерекке сенсек, елімізде шыны, пластик және макулатура сияқты қоқыс түрлерін қайта өңдеу көрсеткіші төмен. Бұл деректі ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев та растап отыр.

Ведомство басшысының сөзіне сенсек, былтыр елімізде 4,1 млн тоннаға жуық коммуналдық қалдық жиналған. Оның 1 млн тоннасы немесе 24 пайызы сұрыпталып, қайта өңделіп, қалғаны полигондарда көмілген. Ал 2022 жылы 4,3 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтың 25 пайызы қайта өңделген болатын. Міне, сондықтан да болар, бүгінде еліміздің көптеген ірі қалаларының маңында тұрмыстық қатты қалдықтардың төбе-төбе болып үйіліп жатқанын жиі көретін болдық. Әкімдіктер берген ақпаратқа сенсек, еліміздің 80 пайызға жуық халқы тұратын қалалар мен елді мекендер қоқыс шығару қызметімен қамтамасыз етілген.
Десе де 39 ірі елді мекен бойынша ғана ғарыштық мониторинг былтыр 5 533 рұқсатсыз қоқыс үйіндісін анықтаған. Бұл қалдықтардың нақты көлемі есепке алынатын көлемнен әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді. Жалпы коммуналдық қалдықтардың 70 пайызын қайта өңдеуге болады. Мәселен, тасталатын қоқыстың шамамен 16 пайызы пластик, 11 пайызы макулатура, 9 пайызы шыны болса, 37 пайызы органикалық қалдықтардан тұрады. Әйткенмен бұл деректер әзірге ешкімді қызықтырып отырған жоқ сыңайлы.

«Уақыт».