ЖАҢА ҮКІМЕТ ЭКОНОМИКА ӨСІМІН 6 ПАЙЫЗҒА ЖЕТКІЗУ ҮШІН НЕ ІСТЕМЕК?

Бұдан біраз уақыт бұрын өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар тапсырмаларды жүктеген болатын. Енді жуырда Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстан экономикасын 6 пайыз өсімге шығару үшін қандай шаралар қабылданатынын айтты.

Нұрлан Байназаровтың айтуынша, негізінен үл салаға басымдық берілмек. Өз сөзінде «Ең бірінші мемлекеттік шығыстарды толық игеруіміз керек. Оның ішінде баса назар аударатын сала — бюджеттік инвестицияны игеру және мемлекеттік сатып алуды толық қамтамасыз ету. Бұл жерде отандық тауар өндірушілерге баса назар аударуымыз қажет. Екіншіден, басты драйверлер — құрылыс, өңдеу өнеркәсібі мен көлік салаларындағы инвестициялық жобаларды қарқын жүзеге асыруымыз керек. Тағы бір резерв — орта және шағын бизнесті одан әрі дамыту. Бұл жерде мемлекеттік қолдау арқылы екінші деңгейлі банктердің 1 трлн теңгеден аса ақшасын жұмылдыру көзделіп отыр» деді ол.
Ведомство басшысының айтуынша, «Бәйтерек» және «Самұрық» холдингтерінде іске асып жатқан ірі жобалар бар. Солар игерілуі керек. Оларда бос резерв ақша бар. Міне, сол қаражатты жаңа жобаларға бағыттау керек. Сонымен қатар негізгі капиталға салынатын инвестиция 22 трлн теңгеден кем болмауы тиіс. Бұған шеттен келетін инвестиция ауқымды әсер ете алады. Сәйкесінше, оның деңгейін 25 млрд доллардан түсірмеу шарт. Міне, осы бастамалар сәтті жүзеге асса, межелі 6 пайыздық өсімге қол жеткізуге болады.