ШӘКІРТТЕРІН ЖАРҚЫН ЖЕҢІСТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕГЕН БІЛІКТІ БАПКЕР, ҮЛГІЛІ ҰСТАЗ

Бүгінгі таңда, елімізде бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Ордабасы ауданының спортшылары да жоғарғы деңгейдегі жарыстарда бой көрсетіп, татулық пен бірлік мекенінің абыройын асқақтатып жүр. Оның ішінде Төрткүл ауыл округінен шыққан «Көкбөрі» волейбол тобы көптеген жарыстарда топ жарып келеді.

Бұл топтың жетекшісі Ордабасы ауданы, «Төрткүл» жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Әуелхан Аманұлы 1964 жылы 30 наурызда Түркістан облысы, Отырар ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Әкесі Ботабай Аман шаруашылықта механизатор болып еңбек етті. Анасы Ортай үй шаруашылығында еңбектенді. Отбасында 6 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді.
Әуелхан 1971 жылы Ақтөбе ауылындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы мектептің 1-сыныбына барып, 1981 жылы бітірді. Оқуда озат, көпшілік ортада тәрбиелі оқушы болды. 5-сыныпта жүргенде спорт секциясына қатысып, волейбол, күрес түрлеріне машықтанып, оқушылар арасында белсенділік танытты. Команда құрамында волейболдан аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанды. 1981 жылы Шымкенттегі дене тәрбиесі техникумына ойыншы курсының волейбол мамандығы бойынша оқуға қабылданып, 1-курстан кейін Кеңес Армиясы қатарында қызмет етіп, 1985 жылы оқуды бітірді. Еңбек жолын 1986 жылы «Төрткүл» орта мектебінде дене тәрбиесі пәні бойынша ұстаздықтан бастады. 2010-2013 жылдары Шымкенттегі Аймақтық-инновациялық университеттің дене тәрбиесі бөлімін сырттай оқып бітірді.
Әуелхан Аманұлы — өз пәнін құрметтеу арқылы жас ұрпақ тәрбиесіне, оның денсаулығына жауапкершілікпен қарап, үнемі ізденіс үстінде жүретін және білім ошағындағы спорт саласында жоғары жетістіктерге жетуіне өз үлесін қосып жүрген тәжірибелі ұстаз. Оқушыларды аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатыстырып, жүлделі орындарға жеткізуде. 2014 жылы волейболдан Түркістан қаласында өткен республикалық жарыста, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өткен жарыста шәкірттері Назарбек Нұрбек, Алдияр Мұхтар чемпион атанды. 2015 жылы Алматы қаласында мектеп оқушыларының арасында өткен жарыста күміс медальға ие болды. 2016 жылы республикалық жарыста мектеп командасы 2-орын иеленді. 2017 жылы «Шұбар доп» республикалық жарысында алтын жүлдеге ие болды. 2021 жылы Астана қаласында өткен «Шұбар доп» сайысында алтын медальға қол жеткізді. 2023 жылы Астана қаласындағы республикалық жарыста қола медаль иеленді.
Мектептің волейболға арналған «Көкбөрі» командасы Ордабасы ауданы бойынша 12 рет чемпиондық атақты жеңіп алды. Облыстық жарыстарда 6 рет жеңімпаз атанды. 2015 жылы мектеп бітірушісі Назарбек Нұрбек пен Алдияр Мұхтар Түркістандағы ХҚТУ-ға грантпен оқуға қабылданды. Келесі жылдары Шекербек Әділбек, Берікбай Қазбек, Мейрам Нұрлыбек, Алдияр Дамир оқуға грантпен қабылданып, жоғары оқу орнында волейбол командасы құрамында республикалық жарыстарда жарқырай көрінді, көрініп те келеді. Аталған университет студенттері республикалық универсиадаларда өнер көрсетіп, жоғары көрсеткішке жетуге үлес қосуда. Шәкірті Назарбек Нұрбек 2016-2017, 2017-2018 жылдары Алматы қаласындағы «Буревестник» командасы сапында ойнады. 2019-2020-жылдары Қырғызстан Республикасының «Теміртау» командасы сапында өнер көрсетсе, 2021-2022, 2022-2023 жылдары Ұлттық лигада Көкшетау қаласында «Ұшқын» командасында, 2023-2024 жылдары Қостанайдың «Айсұлтан» командасында ойнады және бапкерлік қызмет атқарды. 2013 жылғы мектеп түлегі Сұлтанбек Пахриддин Алматыдағы КазГУ-ге оқуға қабылданып, студент кезінде волейбол командасының белді ойыншысы атанды.
Әуелхан Ботабай үздіксіз қызметінің нәтижесінде 2016 жылы аудан әкімінің «Үздіксіз ұстаз» номинациясын иеленіп, Алғыс хатпен марапатталды. Сол жылы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты берілді. 2018 жылы министрлік тарапынан «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі тапсырылды. 2020 жылы Білім және ғылым саласына қосқан айрықша еңбегі үшін «Жылдың үздік ұстазы-2020» атты төсбелгімен марапатталды. Кәсіподақ мүшелерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау және білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» белгісімен марапатталды. Аудандық, облыстық деңгейдегі Құрмет грамоталарымен бірнеше рет әспеттелген. Ордабасы ауданы мәслихатының Алғыс хатын иеленген. 2015-2023 жылдары шәкірттері жоғары көрсеткішке жетіп, республика бойынша 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль иеленген.
Ботабай Әуелхан Аманұлы білім ошағында 40 жылға жуық еткен еңбегінің нәтижесінде ұстаздардың, мектеп басшылығының және ата-аналардың құрметіне бөленген. Мінезі ашық-жарқын, инабатты, үлкен мен кішіге мейірім шуағын төгіп тұрады. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде ауыл тұрғындары құрметтеп, мақтан тұтады. Шәкірттерге сіңірген еңбегі тәуелсіз еліміздің дамып, өркен жаюына үлес қоса бермек.
Үлгілі ұстаз Мырзабай Розамен отбасын құрып, 1 ұл, 2 қыз өсіріп, тәрбиеледі.