ҚАЗАҚСТАН: ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫН ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР?

Өткен жыл Қазақстан үшін табысты болды. Елімізге қыруар инвестиция тартылды. Бұғаусыз кеткен инфляция ауыздықталды. Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту бағытында көптеген жобалар жүзеге асты. Жаңадан ашылған нарықтардан еліміз өз үлесін ала білді. Әйткенмен өткен жылдың көрсеткіштерімен көңілді марқайтып, мақтануға әсте болмайды. Биылғы жоспарлардың маңызы айрықша. Ел экономикасы қаншалықты өседі? Болжам қандай? Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз…

Үкімет 2024 жылы ел экономикасы кемінде 5,3 пайыз деңгейінде өседі деп болжап отыр. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, ел экономикасы жаңа жағдайларға бейімделіп, орнықты даму жолына түсті. Қабылданған шаралар нәтижесінде экономиканың өсімі 5,1 пайызды құрады. Негізгі салалардың барлығы оң динамика көрсетті. Яғни құрылыс – 13,3 пайыз, сауда – 11,3 пайыз, ақпарат және байланыс қызметтері – 7,1 пайыз, көлік қызметі – 6,9 пайыз, өнеркәсіп – 4,3 пайыз өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция 13,7 пайызға көбейді. Бұл ретте 2023 жылдың 9 айында тікелей шетелдік инвестиция көлемі 19,7 млрд-ты құрады. Оның ішінде 11 млрд-тан астамы шикізаттық емес секторларға бағытталған. Жалпы 2 жыл қатарынан тікелей шетелдік инвестиция көрсеткіштері соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне айналды – олардың жылдық көлемі 26-28 млрд деңгейінде. Қазақстан ТМД елдері арасында шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны бойынша көш бастап тұр.
2023 жылдың 11 айында сыртқы сауда айналымы 2,2 пайызға өсіп, 126 млрд-ты құрады. Оң сауда балансы 16 млрд-тан асты. Шикізаттық емес экспорт номенклатурасы 141 позицияға өсті. Еліміздің халықаралық резервтері 96 млрд-ты құрады, оның ішінде Ұлттық қордың активтері 4 млрд-қа өсіп, 60 млрд-тан асты. Халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстан экономикасының тәуелсіз рейтингі мен инвестициялық сенімділігін растады. Үкімет Ұлттық банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі кешенді шараларды іске асыруда. Нәтижесінде өткен жылы ол 2 еседен астам төмендеп, 9,8 пайызды құрады. 2024 жылы инфляцияны 6-8 пайыз деңгейінде ұстау міндеті қойылды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5,3 пайыздан кем болмауы тиіс. Үкімет Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасы мен Қазақстан халқына жолдауларында белгіленген міндеттерді іске асыруды жалғастыруда. Аталған жұмыс экономиканы белсенді әртараптандыруға, кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға және азаматтардың әл-ауқатын едәуір жақсартуға бағытталған. Мұның бәрі 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есеге арттыруға берік негіз болады.