ШАХМАТТАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Елімізде спортты дамыту бойынша қыруар іс атқарылып жатыр. Сәйкесінше, еліміздің әрбір өңірінде жас спорт жұлдыздары шығуда. Осы орайда, жуырда Шымкент қаласында шаахматтан балалар арасында ел біріншілігі басталған болатын. Бәсі биік бәсекеге жас шахматшылар белсене қатысты. Жоғары деңгейде өткен сайыстың марапаттау рәсімі өткен аптада ұйымдастырылды.

Жабылу салтанатына арнайы шақырылған мәртебелі қонақтар және жаттықтырушылар мен спортшылар қатысты. Шарада Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова ел біріншілігі жөнінде пікірін білдірді. Нақтырағы өз сөзінде «Біріншілік жоғары деңгейде өтті. Шахматтан мұндай бәсеке Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Осы орайда, бізге қолдау білдірген Шымкент қаласы әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Бұл чемпионатта жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды Әлем және Азия біріншілігі, сондай-ақ батыс елдерінің халықаралық турнирлеріне жібереміз» деді атқарушы директор.
Жиын басында 10 күнге жалғасқан сайыстың жарқын сәттері таспаланған бейнеролик көрсетілді. Осы сәтте жас спортшылар мен ата-аналар ерекше қуанышқа бөленіп, жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды ресми марапаттау басталды. Марапаттау кезінде Шымкент қаласынан 6 жасқа дейінгі ұлдар арасында рапид түрінен 3-орын иесі Аслан Ендібаев, 8 жасқа дейінгі қыздар арасында блиц түрінен 2-орын алған Айару Нұрбол және 10 жасқа дейінгі қыздар арасында блиц түрінен күміс жүлдеге қол жеткізген Нұрсая Жұмабек жеңіс тұғырына шықты. Еске сала кетейік, республикалық бәсекеде шахматтың классикалық, рапид және блиц түрінен 6, 8, 10 және 12 жасқа дейінгі 600-ден астам спортшы бақ сынады.