БАЗАРЛАРДЫ МОДЕРНИЗАЦИЯЛАУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласында ретсіз сауда-саттықпен күрес шаралары қарқынды жүргізіліп келеді. Бұған дейін қалаға қарасты базарлар аумағындағы бірқатар талапқа томпақ келетін әрекеттер жойылған болатын. Жалпы заңсыздыққа барып, көше бойын сауда-саттық орнына айналдыру шаһардың көркіне де нұқсан келтіреді. Сондықтан мұндай әрекеттермен күрес қарқынды түрде жалғасып келеді.

Мәселен, жуырда қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтің төрағалығымен өткен жиында базарларды модернизациялау, ретсіз және заңсыз саудамен күрес мәселелері талқыланды. Қазір Сауда және интеграция министрлігімен базарларды жаңғырту жөніндегі жол картасы әзірленіп, орындалуына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Алайда қала аумағындағы базарларды жаңғырту жұмыстарын тездету қажеттігі байқалуда. Мұндай келеңсіздіктер қала көркіне кері әсер етіп қана қоймай, халыққа қолайсыздық туғызып отыр.
Жиын барысындп «Мақсат – сіздердің жұмыстарыңызға тосқауыл жасау емес, дұрыс түсініңіздер. Керісінше, өзекті мәселелерді өздеріңізбен бірлесе отырып шешу. Сіздер жұмыс орындарын беріп, салық төлеп, тұрғындарымыздың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып отырсыздар. Дегенмен сауда орындарына, ретсіз саудаға қатысты халықтан да кәсіпкерлер тарапынан арыз-шағым бізге көптеп түсуде. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ең алдымен, заң талаптары орындалуы керек. Бұл ретте мәселелерді ашық түрде талқылап, оңтайлы шешуде өз тарапымыздан қолдауға қашан да дайынбыз» деді қала әкімінің орынбасары. Жиын барысында кәсіпкерлер толғандырған сұрақтарын жолдап, өрт қауіпсіздігін алдын алудағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Сонымен қатар сақтандыру мәселесіне қатысты, базарларды модернизациялауда, санитарлық ахуалды жақсартуда, ретсіз саудамен күрес шараларын жүргізуде ұсыныстар пысықталды.