ҚАЙ ЕЛДЕРДЕ ӨЛІМ ЖАЗАСЫ ҚОЛДАНЫЛАДЫ?
Бүгінде қоғам арасында сан түрлі қылмыс көбейіп барады. Оның ішінде аса ауыр қылмыстар да бар. Осындайда әлеумет арасында өлім жазасының қажеттігі турасында пікірлердің көбейетіні белгілі.
Осы орайда, бүгінгі материалымызда өзге елдердегі жағдайға шолу жасауды жөн санап отырмыз. Қалың оқырманның жадында болса, 25 қаңтарда АҚШ тарихында алғаш рет өлім жазасына кесілген адамды таза азотпен тұншықтырып өлтірді. Жапонияда да 36 адамның өмірін қиған өртті ұйымдастырған ер адам өлім жазасына кесілді, яғни ол дарға асылады. Көптеген елдер өлім жазасын алып тастағанымен, бүкіл әлемде өлім жазасына кесудің жалпы саны артып келеді.
«Amnesty International» үкіметтік емес ұйымы жинақтаған соңғы деректерге сәйкес, 2022 жылы 55 ел өлім жазасын қолданды. Осы елдердің тоғызы өлім жазасын тек аса ауыр қылмыстар үшін ғана қолданды, 23 ел өлім жазасына рұқсат берді, бірақ оны 10 жыл бойы қолданбаған. Қытайды қоспағанда, «Amnesty International» 2022 жылы әлем бойынша 883 өлім жазасын тіркеді. Бұл — 2017 жылдан бергі ең көп көрсеткіш және ол 2021 жылғы жағдайдан 53 пайызға артық.
«Amnesty International» мәліметінше, 2022 жылы 52 елде кемінде 2016 өлім жазасына кесу үкімі шығарылған. 2021 жылы 56 елде кем дегенде 2052 адам өлім жазасына кесілген. Көптеген тұтқындар жаза қолданғанша камерада жылдар, тіпті ондаған жылдар бойы отырады. Қытай басқа елдерге қарағанда өлім жазасын жиі қолданады. Елде жылына мыңдаған адам өлім жазасына кесіледі, бірақ мұны растау мүмкін емес. Қытайдан бөлек Иран, Сауд Арабиясы, Мысыр және АҚШ-та көп адам өлім жазасына кесілген.
Ал Еуропадағы өлім жазасын әлі күнге дейін қолданатын жалғыз ел — Беларусь. «Вясна» құқық қорғау орталығының мәліметінше, Беларусьте жыл сайын бір немесе бірнеше адамға дейін өлім жазасына кесіледі. «Amnesty International» халықаралық ұйымы өз баяндамасында адамдар өлім жазасына ең жиі кесілетін 11 елді атады. Олардың қатарында Қытай, Мысыр, Иран, Ирак, Сауд Арабиясы, АҚШ, Вьетнам және Йемен бар. Ұйым сонымен қатар Солтүстік Кореяны «өлім жазасын үнемі қолданады» деп санайды, бірақ оны тәуелсіз түрде растай алмайды.
Жаһанда 112 ел өлім жазасын мүлде қолданбайды. 1991 жылы олардың саны небәрі 48 еді. Алты ел 2022 жылы өлім жазасын толығымен немесе ішінара алып тастады. Төрт ел — Қазақстан, Папуа-Жаңа Гвинея, Сьерра-Леоне және Орталық Африка Республикасы одан толық бас тартты. Экваторлық Гвинея мен Замбия өлім жазасы ең ауыр қылмыстар үшін ғана қолданылатынын айтты. 2023 жылдың сәуірінде Малайзия парламенті 11 ауыр қылмыс, соның ішінде кісі өлтіру мен лаңкестік үшін міндетті өлім жазасын алып тастау үшін дауыс берді. Гана парламенті 2023 жылдың шілдесінде өлім жазасын толығымен алып тастауды қолдады.