ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА ҮЗДІК ҮШТІККЕ ЕНДІ
2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1 пайызға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3 орында тұр. Үкіметпен бекітілген жоспар 107 пайызға орындалды. Аталған саладағы көрсеткіштер мен жоспарлар Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық отырысында талқыланды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жандандыра түсіп, жаңа өндіріс және жұмыс орындарын ашу маңызды екенін жеткізді. Өз сөзінде «Біздің басым бағыттарымыз – инвестиция тарту, өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмысты әлі де жандандыра түсуі керек. Инвестиция тарту жұмысы жыл, он екі ай бойы үздіксіз жүргізілсін. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда жүйелі мәселелер бар. Нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді тіркеп, есепке алу қажет. Шағын және орта кәсіпкерлікке тұрғындарды ынталандыру, қолдау көрсету жұмыстарын жандандырыңыздар» деді Дархан Сатыбалды. Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, 2023 жылдың ІІІ тоқсанындағы көрсеткіш бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 492 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.
Былтыр 126,9 млрд теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын, жалпы құны 3,3 трлн теңгегені құрайтын 173 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Өткен жылы шетелдік және отандық компаниялармен 94-тен астам кездесу мен келіссөз жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Австралия елдеріне кәсіпкерлермен бірге іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн теңгеге жуық инвестиция құйылуда. Биыл облыстық делегация Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран және Вьетнам елдеріне іссапар жасайды деп жоспарланып отыр.
Облыста шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету арқылы оң өсімге қол жеткізілді. Өңірде 207 мыңға жуық шағын және орта бизнес жұмыс істейді. Кәсіпкерлер саны бойынша Алматы және Астана қалаларынан кейін 3 орында тұр. Кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 27,5 пайызға артып, 1,2 трлн теңгеге жетті. Бұл – 9 айдың көрсеткіші, 12 ай нәтижесімен 1,6 трлн теңгеге жетеді деп болжанып отыр. Мәжілісте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбековтің де есебі тыңдалды. Ол 2023 жылы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша 180 өтініш түскенін, 80 сұрақ оң шешімін тауып, 960 млн теңгеге кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қорғалғанын мәлімдеді. 1 241 кәсіпкерге 1 300 қызмет көрсетілген. Жалпы 556 жоба сүйемелденіп, 360 салықтық есеп тапсырылды, 170 бизнес-жоспар әзірленген. Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, өңірдегі инвестициялық ахуалды және бизнес климатты жақсарту жұмыстары жалғасады.