ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫ БІР МӘДЕНИЕТ ҮЙІ БОЙ КӨТЕРЕДІ

Шымкент қаласына қарасты елді мекендер мен шағынаудандардағы бірқатар өзекті мәселелер шешімін тауып келе жатыр. Инженерлік инфрақұрылым түйткілдерін тарқату бойынша қыруар іс қолға алынуда. Түрлі әлеуметтік нысандар да салынып, көптің тілеуі орындалуда. Бұл ғана емес, шаһар басшысының өзі шалғайда жатқан елді мекендерге арнайы барып, өзекті мәселелерді өз көзімен көріп, тиісті тапсырмаларды беріп келеді.

Мәселен, жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Базарқақпа елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, «Қаратөбе» мәдениет үйін салу мәселесімен танысты. «Қаратөбе» клубының іргетасы 1957 жылы қаланған. Жалпы алаңы – 490,5 шаршы метр. 2016 жылы техникалық сараптама қорытындысы бойынша жарамсыз деп танылып, бұзып қайта салуға шешім қабылданған. Мәдениет ошағы жарамсыз деп танылғанына байланысты, қызметкерлер өз жұмысын «Сайрам» мәдениет үйімен бірлесіп атқарып келеді. Биыл аталған аумақта жаңа мәдениет үйін салу жоспарланған. Құрылыс ауданы – 3192 шаршы метр. Екі қабатты нысанның бірінші қабатында сахна, акт зал, киім ауыстыру бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы жолақ қамтылады. Екінші қабатта кітапхана, оқу және жаттығу залы орналасады.
Қала әкімі тиісті басшыларға жаңа мәдениет үйінің құрылысын жылдам жүргізіп, сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ тозығы жеткен ескі ғимараттың орнына гүлзар салу қажеттігін жеткізді. Аралау барысында мегаполис басшысы абаттандыру жұмыстары жүргізілген Қошқар-ата өзенінің жағалауын бақылады. Мұнда Ордабасы алаңынан Жангелдин көшесіне дейінгі аралық абаттандырылды. Яғни өзен жағалауындағы қоршаулар мен аяқжолдар жаңартылды. Сонымен қатар воркаут алаңдары мен жарықшамдар орнатылып, балалар ойын алаңшалары салынды. Қала әкімі отандық элементтер көп қамтылған абаттандыру жұмыстарына оң бағасын берді. Сондай-ақ жауаптыларға бейнекамера орнатуды міндеттеді.