БАЗАЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕ ТӨМЕНДЕДІ

оның қоғам өміріне әсері қандай?

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендету жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады. Онда «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 б.т. дәлізімен жылдық 15,25% дейін төмендету туралы шешім қабылдады» делінген.

Ұлттық банк ақпаратына сәйкес, былтыр жылдық инфляция бір таңбалы мәнге жетті. Айлық инфляция өткен жылы желтоқсанда орташа жылдық мөлшерден біршама жоғары болды. Сыртқы инфляциялық процестер азық-түліктің әлемдік бағасының төмендеуі мен орталық банктердің тежеу саясатына байланысты қолайлы болып отыр.
Жалпы базалық мөлшерлеменің төмендеуі халықтың несие немесе ипотекаға тұрғын үй алуына қалай әсер етеді? Бұл сұраққа Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов жауап берді. Оның айтуынша, екінші деңгейдегі банктер осы мөлшерлемеге сүйене отырып, бизнес несиесі, ипотека, тұтынушылық несиелер және кредит түрлерін анықтайды. Сондықтан базалық мөлшерлеменің төмендеуі, несие өнімдерінің құнының төмендеуіне әкелуі тиіс. Ұлттық банк төрағасының мәлімдеуінше, сыртқы инфляциялық орта жақсаруда. Бұл әлемдік азық-түлік нарықтарындағы бағалардың одан әрі төмендеуіне және орталық банктердің тежеуші саясатына байланысты. «Бірақ инфляцияны өсіруі мүмкін кейбір факторлар мен тәуекелдер сақталып отыр. Тәуекелдер орнықты тұтынушылық сұранысқа, фискалдық ынталандыруға, жоғары инфляциялық күтулерге және реттелетін бағалардағы реформалардың аяқталмауына байланысты. Сонымен қатар сыртқы ортада Ресейдегі инфляцияның жеделдеуіне байланысты тәуекелдер байқалуда» дейді ол.