«ХАЛЫҚ МҮДДЕСІ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖҰМЫСЫМЫЗДЫ БЕЛСЕНДІ ТҮРДЕ ЖАЛҒАСТЫРА БЕРЕМІЗ!»
Құрметті оқырман! Міне, тағы бір жыл қатпарлы тарихтың терең қойнауына сіңіп, келмеске кетті. Осындайда өткенді саралап, әрбір ісімізге есеп беруіміз керек. Жасыратыны жоқ, өткен жыл еліміз үшін табысты болды. Қазақстанға ауқымды инвестиция тартылды. Мұның өзі жаһан елдерінің біздің мемлекетімізге деген қызығушылығын аңғартады. Астарын ақтара қарасақ, ешбір инвестор келешегі күмәнді, болашағы жоқ елге қаржы құймайды. Бұл тұрғыдан келгенде, Қазақстанның жарқын жетістіктері аз емес. Қаншама ұлт пен ұлыс тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан елімізде ілкімді істер жүзеге асып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып жатқан ауқымды жұмыстардың арқасында мемлекетіміздің әлемдік саясаттағы салмағы артып, беделі биіктей түсуде.
Бүгінде елімізде жүріп жатқан саяси модернизацияның тұжырымдамалық фрейміне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» моделі арқау болып отыр. Меніңше, мұндай ауқымды өзгерістерді жүзеге асыруда халық пен биліктің арасында алтын көпір қызметін атқарып жүрген мәслихат депутаттарының алар орны айрықша. Сондықтан халық сенімін арқалап, мәслихатқа өткеннен кейін Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстар жайымен халықты таныстырып отыруымыз керек деп білемін. Ендеше салаларда жүзеге асқан жұмыстар жайын тарқатайын. «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында әзірленген жол картасына ауқымды міндеттер кіріктірілген. Қоғамның сан түрлі саласының дамуы үшін қажет бастамалар қамтылған. Соның бірі – білім. Кез келген өркениетке құлаш сермеген мемлекет сапалы біліммен қамту ісіне айрықша көңіл бөлетіні белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында жүзеге асқан жұмыстар аз емес. Мәселен, 2023 жылы 16 673 орындық 20 білім беру мекемесі салынып, пайдалануға берілді. Осының арқасында өңіріміздегі орын тапшылығы мәселесі шешімін тауып келеді. Ал пайдалануға берілген мектептердің сапасын мәслихат депутаттары бақылап, материалдық-техникалық базасын тексеріп, қажет ескертулерді берді. Әлеуметтік саладағы тағы бір маңызды бағыт – медицина екені белгілі. Аталған салада да жүзеге асқан жұмыстар көп. Былтыр 350 орындық медициналық мекеме салынып, халық игілігіне берілді. Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін бюджеттен 3,5 млрд теңгені бөлуге келісім беріп, мақұлдадық. Өйткені заман бір орында тұрмайды. Ал аты жаман ауруларды емдеп жазуда заманауи техниканың маңызы айрықша. Осының арқасында көптеген ауыр оталар қаламызда да жасалып жатыр. Мұны бұқаралық ақпарат құралдары да жиі жазуда. Демек нәтиже бар. Бұл ғана емес, былтыр 3 мыңнан астам медицина қызметкерінің біліктілігі артты. 2324 азамат симуляциялық орталықта дайындықтан өтті.
Жол – экономиканың күретамыры. Сондықтан сапалы жолдардың санын арттырып, құрылысына көңіл бөлуіміз керек-ақ. Бұл тармақ бойынша да жүйелі жұмыстар жүзеге асты. Толық орындалды деуге негіз де бар. Былтыр барлығы 256 көшеге немесе 223,1 шақырым жолға жөндеу жүргізіліп, асфальт төселді. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 36 спорт алаңшасы салынып, 121 аула абаттандырылды. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.
Шымкенттің тоғыз жолдың торабы екені белгілі. Сондықтан батыс пен шығыстың, оңтүстік пен солтүстіктің түйіскен жерінде тұрған шаһардың экономикалық мүмкіндіктері орасан. Бүгінде қала аумағында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту ісі қарқын алған. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында инвесторларға жайлы орта қалыптастыру бойынша қолға алынып жатқан бастамалар айрықша наразымызда. Нәтиже де жоқ емес. 2023 жылы Шымкентке 6,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 6 кәсіпорын іске қосылды. 100-ден астам азамат тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Осы тұста айрықша айта кетерлігі, өңірде өңдеуші өнеркәсіпті өркендетуге басымдық берілген. Оның ішінде импорттық тауарларды алмастырушы кәсіпорындардың қатары артып келе жатыр. Мұның өзі ішкі нарықтағы отандық өнімнің көбеюіне жол ашады. Ал жергілікті тауар өндірушілердің саны артқан сайын, бәсеке күшейіп, баға төмендейді. Бұдан әлеуметтің ұтары көп.
Өздеріңізге белгілі, 2023 жылы қала бюджеті 651,1 млрд теңгені құраған болатын. Ағымдағы 2024 жылдың бюджеті 653,9 млрд теңге көлемінде бекітілді. Бюджет шығыстарының басым бөлігі әлеуметтік салаға тиесілі болып отыр. Оның көлемі — 368,9 млрд теңге немесе бөлінген қаражаттың 56,4 пайызы. Жалпы, 2024 жылдың бюджетін бекіту барысында сайлаушылардың сұраныстары негізінде депутаттық сауалдар жолданып, нәтижесінде 100,4 млрд теңге түрлі өзекті мәселелерге бағытталды.
Мәслихат депутат болғандықтан, жүзеге асып жатқан жұмыстар мен «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында әзірленген жол картасына енген тармақтардың орындалуы бойынша есепті тұрғындарға ұдайы беріп келемін. Мәселен, жуырда «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, қалалық мәслихат жанындағы Құрылыс және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы ретінде №138 жалпы орта мектебінің мәжіліс залында Абай ауданы тұрғындарының алдында 2023 жылы атқарылған жұмыстарым туралы есебімді бердім. Сонымен қатар мәслихат депутаты ретінде өзіме жүктелген міндеттерді әрі қарай да белсене атқара беретінімді жеткіздім.
Қорыта айтқанда, тәуелсіз еліміздің өркендеуі жолында барымызды салып, қолда бар мүмкіндіктер шегінде белсене жұмыс істей береміз! Атқарылған жұмыстар аз емес. Алдағы уақытта жүзеге асыруды көздеп отырған бастамаларымыз да көп. Бастысы ел аман, еңсеміз биік, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Шыңғыс Лесбайұлы ҚОЗБАХОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының
депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.