ШЫМКЕНТТЕ МӘМС 300-ДЕН АСТАМ ӘЙЕЛГЕ АНА БАҚЫТЫН СЫЙЛАДЫ
Шымкентте соңғы үш жылда ЭКО әдісімен 336 сәби дүниеге келді. Талай жанның жылдар бойғы арманы «Аңсаған сәби» президенттік бағдарламасы аясында МӘМС жүйесінің көмегімен орындалып отыр.
Жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі арқасында қазіргі таңда 100-ден астам әйел жүктілік кезеңінде. Сондай-ақ «Экомед-Шымкент» клиникасында биылғы жылға 400-ден астам әйелге ана бақытын сыйлауға арналған квота қарастырылған.
Медицина саласының сарапшылары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жоғары технологиялық медициналық көмектің қарқын алғанын айтады. Қазіргі таңда Шымкентте ЖТМК түрлерін ұсынатын 10 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Жоғары сапалы медициналық қызмет көрсететін мекемелер санының артуының нәтижесінде науқастарға бас ми қан тамырлары мен жүрек ауруларын емдеуде күрделі ота жасау мүмкіндігі артқан.
КТ, МРТ сынды қымбат медициналық диагностикалық қызметтер 2020 жылға дейін әлеуметтік осал топтағы азаматтарға тегін көрсетілген болса, бүгінде барлық сақтандырылған азаматтарға ақысыз негізде қолжетімді.
Ж.БАЛАУСА