ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАҒАН КӘСІПОРЫНДАР ҚЫРУАР АЙЫППҰЛ АРҚАЛАДЫ
Жыл өткен сайын қоршаған ортаны ластау фактілері жиілеп барады. Бұл қарқын сақталса, экологиялық үлкен мәселелерге тап болуымыз айқын. Сондықтан да талапқа томпақ келетін кәсіпорындармен күрес елімізде қарқынды жүргізіліп келеді. Заңнан аттаған кәсіпкерлерге ауқымды айыппұл салынып жатқаны да белгілі. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…
Өткен жылы елімізде кәсіпорындардың қоршаған ортаны ластамау талаптардың бұзылуына қатысты 1 679 факті анықталып, жалпы көлемі 322,9 млрд теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті. Өз сөзінде «Былтыр экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында 652 тексеру іс-шарасы өтті. Қоршаған ортаны ластағаны үшін үлкен көлемдегі айыппұл «Karabatan Utility Solutions» ЖШС және «Теңізшевройл» ЖШС-ға салынды» деді ведомство басшысы Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, министр өткен жылы ірі көлемде айыппұл салынған өңірлерді атады. Айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы 2,6 млрд теңге, Қызылорда облысы 681,8 млн теңге, Абай облысы 677,5 млн теңге, Ақтөбе облысы 133,8 млн теңгеге айыппұл арқалады. Осы тұста айта кетерлігі, айыппұлдардың басым бөлігі нормативтен тыс шығарындылар мен өз еркімен, арнайы рұқсатсыз эмиссиялар үшін салынды.
Н.НАМАЗ.