«БОЛАШАҚ» — ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНА ҚАНАТ БІТІРЕТІН БАҒДАРЛАМА»
Журналистика – қоғам өміріндегі маңызы мен міндеті зор сала. Бүгінгідей цифрлық дәуірде қай елдің ақпараттық насихаты күшті болса, сол елдің беделі биік. Бұл тұрғыдан келгенде, батыс елдерінің тарихы да, тәлімі де, тәжірибесі де орасан. Сондықтан камера мен қаламды саналы ғұмырына серік еткен журналистер қауымы шекара асып, дамыған елдердің ілімін үйреніп, білімін меңгеріп жатыр. Мәселен, ағымдағы жылы «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы, «Таңшолпан» таңғы-ақпараттық бағдарламасы мен Ауа райы болжамының жүргізушісі Арай Жанболатқызы Канапьяева «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Нью-Йорк кино академиясында «One Year Adapted Broadcast Journalism» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтіп қайтты. Көгілдір экран арқылы көрермен қауымға қызық ақпарат пен маңызды деректерді айтып жүрген жас журналистің шетте жүріп көргені мен білгені, оқығаны мен түйгені көп. Осы орайда, Арай Жанболатқызымен болған сұхбатты қалың оқырманның назарына ұсынып отырмыз…
— Арай Жанболатқызы, әңгімемізді әріден бастайық. Бүгінде журналистика факультетінің табалдырығынан аттаған әрбір жас көгілдір экраннан көрінуді армандайды. Ал сіздің телеарналарда жұмыс істеп келе жатқаныңызға бірнеше жылдың жүзі болды. Телевизияның қыр-сырына қанық екеніңізден де хабардармыз. Десе де жұмысты ысырып, білім алу мақсатымен шетел астыңыз. Демек кәнігі маман болуға тәжірибе аздық етеді. Бұл тұжырым дұрыс па? Жалпы білім алу қажеттілігі қайдан туды?
— Біріншіден, заманауи тілмен айтатын болсақ, бұл — жабылмаған гештальт. Бір орында тұрып қалған судың өзі иістенеді емес пе?! Сондықтан адам да үнемі ізденісте болуы қажет деп білемін. Күндердің бір күнінде күйбең тіршіліктің қамымен бірсарынды жүріп жатқан жұмыстағы жүрісіме көңілім толмай кетті. Содан оқимын, кәсіби біліктілігімді арттырамын деген ой келді. «Жақсыдан үйрен» деп бекер айтылмаса керек. Ақыл-есі түзу, бәсекеге қабілетті болғысы келетін жан жан-жағына қарап, мұхит асып, батыста білім алып жатқандарға қызығатыны сөзсіз. Үлгі бар. Неге бақ сынап көрмеске?!
Екіншіден, ақпараттың өзі 3-ақ күн өмір сүретін заманда дүйім жұртқа көк жәшіктен ақпарат айтатын жүргізушінің білімін жетілдіруі — заңдылық һәм қажеттілік. Өйткені жоқ дегенде 5 жыл бұрын университетте берілген академиялық білім, мамандыққа кіріспе зейнетке шыққанша азық болмасы анық. Ол ескіреді, мүжіледі. Базалық білім — фундамент деп білгеннің өзінде оның жарамдылық мерзімі өтетінін ескеру қажет. Үй салғанда да іргетасы отырмай ма? Тура осындай құбылыс. Араға уақыт салып үйдің сыртын қалауыңызша сылап-сыйпап, әктеп, безендіріп отыру керек. Сол сияқты білімді де шыңдаудың маңызы зор.
-Тамаша! Батыстың ілімі мен білімінің өзге елдермен салыстырғанда оқ бойы озық тұрғаны айдан-анық. Өйткені онда ондаған жылғы тарих мен ғасырларға созылған тәжірибе жатыр. Десе де «батыс» деп ат қойып, айдар тағатын аймақта ондаған дамыған ел бар. Осы орайда, өзіңіздің неліктен АҚШ-ты таңдағаныңыз қызық болып отыр…
— Өздеріңіз жақсы білесіздер, бүгінде бізде көрермен көзайымына айналған телевизиялық бағдарламалардың басым бөлігі — Америкадағы бағдарламалардың көшірмесі. Олардың түпнұсқасы, идеясы, шыққан жері мен төркінін көру қашан да қызық. Дамыған елдің медиасаласындағы жаңалық дамушы елдерге сәл-пәл кешігіп жететіні анық. Сол себепті де көшке ілесу үшін, теңесу үшін америкалық әріптестердің кәсіби тыныс-тіршілігімен танысу қызық болды. Америка, оның ішінде Нью Йоркты таңдағанымның себебі — осы. Әлемдегі ең қымбат қалалардың бірінде 9 ай бойы өмір сүру кәсіби қырымыздан бөлек, қаншалықты қоғамға, жаңа ортаға, мүлде бейтаныс қалаға бейімделе алатынымызды көрсетті. Шыңдады. Кей-кейде сынады. Мәдени шокты да бастан өткердік. Жалпы, мықты кәсіби және өмірлік тәжірибе болды деп айта аламын.
— Нью-Йорк кино академиясының білім беру бағдарламасының ерекшелігі турасында тарқата айтып өтсеңіз. Сабақ қалай өтті? Білім беру әдістері қандай?
— Практика және практика. Нью-Йорк кино академиясы ұстаздарының ұстанатын негізгі қағидаларының бірі — теорияда берген білімді үздіксіз, тіпті, бірден практика жүзінде қолдану. Алғашқы сабақтардан бастап біз кәсіби камераның қыр-сыры, негізгі тетіктері, құрылымымен танысып, сол білгенімізді есте сақтап қалу үшін топ-топқа бөлініп, 30 секундтық видео түсіруге шықтық. Алғашқы практикалық сабақта ұстаздар мен көмекшілері түсірілім тобымен сьемкаға шығып процесті қадағалады. Кейін жүзу білмейтін адамды ашық теңізге тастағандай өз еркімізге жіберді. Түсіресің, ағылшынша мәтін жазасың, монтажын жасайсың, дауысын қалыпқа келтіресің, бояйсың да дайын материалды профессорлар мен бірге оқитын топтың назарына ұсынасың. Осы жерде бірден объективті баға беріледі. Ұстаздардың ескертпелерінің өзі құлағыңа майдай жағады ғой, шіркін! Неге? Себебі ең бірінші студенттің талпынысы, былайша айтқанда, жақсы жағы жіпке тізіледі. Содан кейін ғана «Былай жасасаң немесе мынаны қоссаң, бұдан да күшті болар еді. Ол сенің қолыңнан келеді» деп жігерлендіреді. Жеке басқа өтіп, өзінің өктемдігін көрсету мүлде жоқ. Жамандығыңды ғана көріп, кемшілігіңді көптің көзінше бетіңе басса, жүрегің шайлығып, жігерің құм болатыны анық. Сосын ондай критиканы қабылдаудың өзі қиын. Кішкентай балаға айқайлап ұрыссаң, одан бетер ызаланып, долданады. Ал сол деңгейде жай-жапсарды түсіндірсең, бала екеш бала да айтқанға көнеді. Америкалық ұстаздар қауымының білім берудегі осы бір тәсілі ерекше ұнады. Айтқандары да ақылға қонды.
Осы ретте айта кететін тағы бір мәселе, күнделікті бір нәрсені қайталай беру арқылы бұлшық еттің есте сақтау (мышечная память) қабілеті де дамитынына көзім жетті. Сөздің шыны керек, алғашқыда «Бір түсірдік. Түсіндік. Қайта-қайта ауыр камера арқалап көше кезудің не керегі бар?» деп бұлқынған кездер де болды. Оған қорқыныш пен пәленбай мың тұратын камераны ары-бері тасудағы жауапкершілік те әсер етті деп ойлаймын. Осылайша, алғашқыда бір күн кететін түсірілім уақыты қысқара берді. Пост продакшнды да ұзақ уақыт алмайтын күнге жеттік. Бұлшық еттің есте сақтау қабілетін жақсартумен жаңа машықты меңгеру арқылы бас аяғы 9 айдың ішінде 5 «News Show», 3 «Audiopodcast», 4 «Documentary film» жасап шықтым.
— Әңгімеңізге қарап отырсақ, біздің елімізде бірнеше маман айналысатын істі бір өзіңіз жасаған екенсіз. Елге келгелі бұл әдістің маңызы кеміп кеткен жоқ па? Жалпы бір ғана қызметкердің бірнеше міндетті арқалауы жұмыс сапасына кері әсер етпей ме?
— Менің де басында, алғашқы сабақта «Бізде оператор, монтажер, дыбыс режиссері бар. Біз үшін бірнеше адам жұмыссыз қалмайды ғой. Оператор болмаймыз» деп қарсылық танытқан тұстарым болды. Сөздің ашығы, 15-20 келілік камера мен штативты алып, мегаполисте ары-бері тасу оңайға соққан жоқ. Талап бар. Қарсыласу мен көндігу кезеңінен өткеннен кейін салқын сабырмен бұл жасалған жұмыстардың бекер емес екенін саналы түрде түсіндім. Біріншіден, бұл оқу процесі ұжымдағы әр әріптестің қадірін ұғындырды. Олардың да жұмысын бағалайтын, қадірлейтін, құрметпен қарайтын күйге жеткізді. Журналистика, әсіресе, телевизия — қашан да командалық жұмыс. Әрбір түсірілім алаңындағы әріптестің орны ерек деген ой түйдім. Бізде жұмыс барысында операторларға «Түу, мына план қайда? Былай түсірмегенсіз бе? Қарамайсыз ба?» деп кейіп қалатын жайттар жиі кездеседі. Сонда біз неге қарамаймыз? Кадрда бетіміз жылтырап жалт-жұлт еткенге мәзбіз. Соңында бір көре салу керек. Не түсті таспаға, не түспеді? Оператор кадрдың сыртында, яғни көрінбейді. Көз де, сөз де жүргізуші-журналиске тиеді. Америкада бес аспап маманның күйін кешкеннен кейін қай істе болмасын жауапкершілік алудың маңызын ұғасың. Кадр жетпей ме, оператор — өзің. Дыбысы жазылмаған ба, микрофонды қосқан — сен деп кете береді. Нью Йорк көшелерінде шеру, салтанатты іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Сол кезде бірнеше адам сабылмай журналист штативты жайып жіберіп, камераны қосып, емін-еркін өзі қалаған ракурстан ақпарат тарататынын көріп, бұл қарым-қабілеттің өзіңе қызмет ететінін еріксіз түсінесің. Қосымша өзіңе Youtube арна ашып, халыққа пайдалы контент жасаймын десең, штатты ұлғайтпай, өз-өзіңе қызмет қылсаң болады. Немесе сапалы телевизиялық өнім өнімдіремін десең, кез келген маманға қатал талап қойып, оны тексере аласың. Өйткені өндірістің «ас үйінен» білетінің аз емес.
— Жаңа ортаның өз қызықтары болары сөзсіз. Сіздің есіңізде қалған қызық сәттер болды ма?
— Шеберлік сағаттарының естен кетпесі анық. «NBC» телеарнасы жаңалықтар қызметінің продюсері Мариан Поржес, «Animal planet», «True TV», «We TV» телеарналары үшін анонс жасайтын монтаж маманы Златка Ондрова, танымал тележурналист Тони Харристің шеберлік сабағына қатысып, АҚШ телеөндірісінің қыр-сырымен таныстым. Кәсіби мамандардың таңғалатыны және екі жақтағы айырмашылықтың үлкені — ондағы жүргізушілердің жасы үлкен, ал бізде керісінше. Мұны америкалық әріптестер эфир жүргізу үшін ұзақ уақыт алаңда тәжірибе жинап, жоғарыда айтқан қабілеттерді меңгеріп, кәсіби маманға қажет машықты түгел қамту керек деп түсіндіреді. Тек эфир жүргізу деген түсінік атымен жоқ.
Сабақтан тыс уақытта «ABC» телеарнасының «The view» және «Kelly and Mark» телебағдарламасының түсіріліміне қатысып, АҚШ телеөндірісін іштен көріп, «NBC news» телеарнасының жаңалықтар қызметімен таныстым. Мұның бәрі өте қызық болды деп айта аламын.
— Біздің ел мен АҚШ-тың арасындағы айырмашылық үлкен. Мәдениетіміз бен құндылықтарымыз да түрліше. Сіз көрген, болып келген АҚШ-тың қандай артықшылығы яки кемшілігі бар екен?
— Америка Құрама Штаттары біз ойлағандай идеал емес. Дегенмен кейбір мәселелерде бірнеше қадам алда екенін мойындау керек. Әрбір адамның ішкі сүзгісі бар. Менің ойымша, әр адам мұнда өзіне керегін алады. Біреу құдыққа түссе, артынан түспейсің ғой. Сол сияқты, көр, ойлан, қажет болса, сенің ұстанатын құндылығыңа сай келсе, қабылда. Жан дүниең қандай да бір көзқарас, мәдени ерекшеліктерді құп көрмесе, кері айнал дер едім. Адам нені көргісі келеді соны көреді ғой…
— Сөз соңында бұл сапардан түйгеніңіз турасында тарқата айтып кетсеңіз…
— Адам баласы болғаннан кейін кейде кейіп, кейде кесірленеміз. Асылында, қолда бардың қадірін білген жөн. Ел көріп, жер көріп, таным көкжиегімізді кеңейтіп, ел игілігі үшін қызмет қылсақ, біздің де дегенімізге жайлап жететініміз анық.
Түрлі ұлт өкілімен араласып, әңгімелестік қой. «Қалай оқып жатсың? Оқу ақысын кім төлейді?» деп сұрайды. Бізде «Болашақ» деген бағдарлама бар. Оқу ақысын төлеп, шәкіртақы береді, ұшып бару мен келуіңді көтереді. Оған медициналық сақтандыруды қос десең, ауыздары ашылады да қалады. Сондықтан осы мүмкіндікті сен де пайдалан дер едім!
Сұхбаттасқан,
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.