ҚАРАТАУДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ АУҚЫМЫ КЕҢ

Бүгінде дамыған елдердің экономиканың қозғаушы күшіне айналған кәсіпкерлік саланы дамытуға айрықша мән беріп отырғаны белгілі. Экономикасы қуатты мемлекеттердің өзі шағын және орта бизнес саласына баса мән беріп, қолайлы жағдай туғызып отырғанда дамуға бет алған Қазақстанның бұл бағытта аянып қалатын жөні жоқ. Қазіргі таңда билік кәсіпкерлік саланы өркендету үшін қаржылай қолдаулар көрсетіп келеді. Нәтиже де жоқ емес. Бұл, әсіресе, республикалық маңызы бар қала атанған Шымкентте айқын байқалып отыр. Тарқатайық…

Өткен жылы Қаратау ауданында кәсіпкерлер есебінен 68 нысан ашылып, 950 адам жұмыспен қамтылған болатын. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға күш салынуда. Ол үшін мемлекеттік қолдау да аз емес. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың нәтижесінде қалада бірқатар шаруалар, кәсіпкерлер, тауар өндірушілер өз кәсіптерін дөңгелетуде. Қаратау ауданы бойынша кәсіпкерлер есебінен 2022 жылы 41,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Ал 2023 жылы 50 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Бұл тұрғыда Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы, Шымкент қаласы «Shymkent» ӘКК» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Атамекен» ҰКП өкілдерінің тарапынан ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламалар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жаңа техникалар сатып алу, мемлекеттік қолдау шаралары, субсидия алу процестері және иновациялық субсидиялаудың бағыты мен нормативтерін түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Биыл аудан аумағында 198 нысан салынып жатыр. Сонымен қатар Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына хабарлама тапсырған 27 нысанның құрылысы таяуда басталмақ. Жыл соңына дейін 92 нысанның құрылысы аяқталып, 1100 тұрғынды жұмыспен қамту көзделуде. Яғни өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 35 пайызға өскен. Алдағы уақытта да аудан аумағында жаңа кәсіпкерлік нысандар ашып, жұмысын жандандыру бағытындағы шаралар өз жалғасын таппақ.