ШЫМКЕНТТІҢ 2024-2026 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН БЮДЖЕТІ БЕКІТІЛДІ
Жуырда Шымкент қалалық мәслихатының кезекті он бірінші сессиясы өтті. Онда күн тәртібінде 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалу барысы қаралып, 2024-2026 жылдарға арналған бюджет нақтыланды.
Көрсеткіштерге ойыссақ, осыған дейін 3 бағыт, 17 мақсат, 104 индикатор қамтылған Даму жоспарындағы 41 индикатор орындалған. «Аймақ экономикасының өсімі» бағытында жылдың қорытындысымен өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 880 млрд теңгеге, ауыл шаруашылығы көлемін 48,7 млрд теңгеге, инвестицияны 722 млрд теңгеге, экономикадағы орта кәсіпкерліктің үлесін 10%-ға жеткізу көзделіп отыр.
Сондай-ақ ауыз сумен қамту 99%-ға, жақсы және қанағанаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71,2%-ға жеткізіледі. Жыл соңына дейін 1 073 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Биыл қалада үшауысымды мектептердің мәселесі толық шешілсе, емханалардың жүктемесі 23%-ға дейін төмендейді. Қаланың 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті тиісті заңнамаларға сәйкес жасалды. Жалпы келесі жылғы бюджет көлемі 654 млрд теңгені құрайды.
Өзіндік кірістер жоспары 63 млрд теңгеге артып отыр. Бұл қаланың қаржылық дербестігін 53 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Жалпы бюджеттің 368 млрд теңгесі, яғни 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Сессия барысында «Бүгінгі сессияда қаланың даму бағыттарын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданды. 2024-2026 жылдарға арналған бюджетті бекіттік. Оның әрбір тиыны тұрғындардың игілігіне бағытталып отыр. Халықтың жағдайын жақсарту жолындағы еңбектеріңізге алғысымды білдіремін» деді қала әкімі.
Басым бағыттарға тоқталсақ, жол саласына бөлінген қаржы көлемі едәуір ұлғайды. Қаладағы топырақ жолдар мәселесін шешу, көлік кептелістерін азайту мақсатында бағдаршамдарды заманауи интеллектуалды жүйеге қосу жоспарлануда. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 1500 бейнебақылау камерасы орнатылып, 1000-нан аса көше жарықтандырылады. Мегаполисті «Жасыл қалаға» айналдыру мақсатында суару жүйелері ретке келтіріліп, негізгі көшелер абаттандырылады.