ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫН ДАМЫТАТЫН БІРНЕШЕ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Шымкентте өнеркәсіп саласы өркендеп келеді. Алдағы уақытта да аталған бағытқа басымдық берілмек. Мәселен, өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында 2023-2027 жылдар аралығында 401,5 млрд теңгеге 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен 103 жоба пулы қалыптастырылады. Сонымен қатар индустриалдық аймақтарды кеңейту және қосымша 5 индустриялық аймақ құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Бұл аймақтарда экспортқа бағытталған елімізде аналогы жоқ сутегі тотығын, ірі габаритті керамикалық тақталар, ұнтақталған полипропилен, йон алмастыру шайыр (йонообменная смола), ЛЭД экрандар өндіру жобалары іске асырылады. Солардың ішіндегі ірі жобаның бірі – керамикалық тақталар өндіретін зауыт құрылысы. Оны жүзеге асыратын қытайлық «WANG SHENG CERAMIC» ЖШС. Жобаның инвестиция көлемі 25,5 млрд теңгені құрайды. Өндірілген өнімді Орталық Азия елдеріне экспорттау жоспарланған. «Жұлдыз» индустриялық аймағында 2023-2025 жылдары жүзеге асырылатын зауытта прогрессивті және экологиялық таза технологиялар енгізіледі.
Екінші жобаны «Оңтүстік» АЭА аумағында «АЛМЭКС Полимер» ЖШС іске асырады. Ұнтақталған полипропилен өндіру жобасының инвестициялық құны – 38 млрд теңге. Өндіріс іске қосылса, 100-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады. Іске асыру мерзімі – 2027 жыл. Атап өтейік, биыл үшінші мегаполисте өңдеу өнеркәсібі саласында құны 10,9 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылған. Өнеркәсіп саласында үлесі 88%-ды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 750,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 56,3 млрд теңгеге өскен. Өңдеу өнеркәсібі көлемінің өсімі металлургия (2,1 есе), жеңіл өнеркәсіп (126,1%), жиһаз (123,2%) және химия (111,6%) өнеркәсіптері, тамақ өнімдері (102%) мен сусындар (105,0%) өндіру, дайын металл бұйымдары (144,5%), машина жасау (119,2%) және өзге дайын бұйымдар (148,6%) өндіру салалары есебінен қалыптасты.