КӨЛІК МИНИСТРІ ӘЛЕУМЕТТІ АЛАҢДАТҚАН САУАЛДАРҒА ЖАУАП БЕРДІ
Биылғы жылы жаңадан құрылған Көлік министрлігінің министрі Марат Қарабаев өңірлердегі кезекті іс-сапарын Шымкент қаласында жалғастырды. Іс-сапарының алғашқы күні ведомство басшысы Шымкент әуежайындағы жаңа терминалдың құрылысымен және теміржол вокзалы ғимаратын реконструкциялау жұмыстарымен танысты.
Жалпы халық санының жылдан-жылға артуы мен Шымкентке келетін туристердің көбеюі жұмыс жүктемесін арттырып қана қоймай, сервистік қызметті жақсартуды да талап етуде. Әуежайдағы жолаушылар терминалының құрылысы жеке инвестор «SCAT» авиакомпаниясы» АҚ есебінен жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының I кезеңі бойынша жоба 100 пайызға орындалды. Терминал шатырын монтаждау жұмыстарымен бірге сыртқы қасбетін жабдықтау құрылыстары жүргізілді. Қазір жаңа әуежайға инфрақұрылым жүйелері тартылуда. Жаңа терминалдың жалпы ауданы 40 800 шаршы метрді құрайды. Жобада 24 эскалатор, 2 трафик, 24 жеделсаты, заман талабына сай келетін 4 галерея қарастырылған. Аэропортта жолаушы өткізу қабілеті сағатына 200 адам болса, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш 2 мың адамға артады. Қазіргі таңда перрон құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар 6 гектар аумақта атқарылып жатыр. Әуежай терминалы құрылысының ІІ кезеңін толық аяқтап, пайдалануға беру 2024 жылға жоспарланған. Министр жауаптыларға жұмыс күшін көбейтіп, терминал құрылысының қарқынын арттыруды тапсырды. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 113 адам жұмыс істеп жатыр.
Ал Теміржол вокзалы ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалады. Сондай-ақ жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай екі күту залы қарастырылған. Ғимараттың жолаушы өткізу қабілеті қазір тәулігіне 2 мың адамды құраса, қайта құрудан кейін вокзал тәулігіне 6 мың адамға қызмет көрсете алады. Вокзал ғимаратын заманауи талапқа сай қайта құру жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Министр реконструкциялау жұмыстарын әкімдікпен белгіленген мерзімде аяқтау бойынша тапсырма берді. Бұдан бөлек, қаладағы іс сапарында Көлік министрі автовокзалдардың жұмысын да қадағалады.
Бұдан кейін Көлік министрі Марат Қарабаев қала тұрғындарымен кездесіп, азаматтардың мәселелерін тыңдады. Ведомство басшысы министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, азаматтардың сауалдарына жауап берді. Жиында қала тұрғындары негізінен қоғамдық көлік мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, қоғамдық көлікте қызмет сапасын арттыру, автобус жүргізушілерінің жетіспеушілігі, жол кедергілерін ретсіз қою және қаладағы жолдардың сапасын жақсарту мәселелері айтылды. Министр іссапарда ұжымымен бірге жүргенін, жергілікті азаматтардың мәселелерін мұқият тыңдаудың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ қалада стратегиялық маңызды нысан құрылыстарының барысынан хабардар етті. Өз сөзінде «Жалпы халықпен кездесуде ең көп көтерілгені — жолаушылар тасымалына қатысты мәселелер. Қоғамдық көліктердің қызмет сапасын бақылау жергілікті әкімдік тарапынан қадағалануда. Автобуста жеңілдікпен жүру мәселесі субсидия беруге келіп тіреледі. Бұл мәселені алда қосымша талқылаймыз. Ал көлік жүргізуші куәлігі жасын төмендету бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған. Заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр. Сондай-ақ жол-көлік саласында 6 мыңнан астам маман жетіспейді. Мәселелер кешенді түрде шешіледі» деді министр.