«ОРДАБАСЫ» ФУТБОЛ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АЛАҢЫ ЖАҢАРДЫ

Шымкент қаласында спорт саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұған дейін қалаға қарасты бірқатар спорт нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын таба бермек. Бастысы жасалған жағдайларды тиімді пайдаланып, жетістікке жетіп жатқан спортшыларымыз көп. Бұл салауатты өмір салтын насихаттау ісіне де айрықша үлес қосады. Қалың оқырманның жадында болса, газетіміздің бұған дейінгі сандарында «Ордабасы» футбол алаңының заманауи талапқа сай қайта жаңғыратынын жазған едік.

Енді міне, жастар жаңа алаңда жаттыға алады. Озық үлгіде қайта жабдықталған футбол алаңының салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов нысанның тұсауын кесіп, спортшыларға ізгі тілектерін жеткізді. Игілікті іс федерация мен «Ордабасы» футбол клубы арасында нысандарды жаңарту мақсатында қолға алынған «Алаң» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Бір айда атқарылған құрылыс барысында футбол алаңына итальяндық үлгідегі газон төселіп, алюминий қақпалар орнатылды.
Қала басшысы мегаполисте бұқаралық спортты қолдау бағытындағы жұмыстардың ауқымды екенін атап өтті. «Қайырымдылық істің бастамашысы болған Қазақстан футбол федерациясы президентіне өз алғысымды білдіремін. Нысанда жаттығатын жастарымыздың әлемдік деңгейде көрінуіне тілектеспін. Бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасауды жалғастырамыз» деді қала әкімі. Соңғы үлгіде жабдықталған футбол алаңында 250-ге жуық жасөспірім жаттығады. Ауқымды жоба аясында биыл елімізде 4 футбол алаңын салу жоспарланған.