КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ТАПСЫРЫЛДЫ

Қазіргі уақытта Шымкент қаласының аумағында орналасқан «Жұлдыз» индустриалды аймағында инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы орайда, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құрылыс барысындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында аймаққа арнайы барып, жауаптылардың қатысуымен көшпелі жиын өткізді.

Осыған дейін аталған аймаққа жобада қаралған 12,5 шақырым ауыз су құбырының 90 пайызы, табиғи газ құбырларының бүгінге дейін 7,5 шақырымы тартылған. Сондай-ақ 10 шақырым кәріз жүйесі жүргізіліп, электр қуаты желісінің құрылысы 80 пайызға аяқталған. Жол құрылысы да жобаға сәйкес атқарылуда. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 13,8 шақырым автомобиль жолының 2,1 шақырымы, ішкі орам жолдардың 10,2 шақырымы жүргізілген.
Жалпы мемлекет басшысы отандық тауар өндірушілерді қолдау арқылы импортқа тәуелділікті азайту мақсатында өңір басшыларына бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Президент тапсырмасы аясында бүгінде мегаполисте индустриалды аймақ қатары артып келеді. Аталған аймақтағы инженерлік инфрақұрылым және автомобиль жолдарының құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталады. 306 гектарды алып жатқан алаңда 30-ға жуық инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Осы орайда, шаһар басшысы «Жұлдыз» индустриалды аймағында салынып жатқан бірқатар кәсіпорынның құрылысымен танысты. Солардың бірқатарына тоқталып өтейік. «Ferrum Constraction & Chemical» ЖШС толық іске қосылғанда жылына 60 мың текше метр темір-бетон бұйымдарын шығарады. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Кәсіпорынды биыл іске қосу көзделуде.
Қала әкімі жауаптылармен бірге керамогранит өндіретін «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-ның құрылысын да аралап көрді. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 40 пайызға аяқталған. Зауыттың бірінші кезеңін келесі жылы, екінші кезеңін 2025 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Ал «Оңтүстік Plastic KZ» кәсіпорны үйлерге арналған жаңбыр суағарлары мен кәріз құбырларын өндіреді. Зауыттың өндірістік қуаты айына 600 тоннаны құрайды. Қала басшысы аталған кәсіпорынның құрылыс-монтаж жұмыстарын да қадағалады. Жоба биыл жүзеге асырылады. Жиын барысында кәсіпкерлер жер телімдерін қайтару, инфрақұрылыммен қамту бойынша бірқатар өзекті мәселені жеткізді. Қала әкімі жауаптыларға құрылыс барысындағы кедергілерді тез арада жойып, мемлекеттік қолдау шаралары аясында кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.