ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖЕМІСТІ ЖҰМЫС КӨП

Соңғы уақытта Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар ауқымды. Қазіргі таңда қалаға қарасты аудандарда инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Әл-Фараби ауданында жүзеге асқан жұмыс көп. Бұл турасында жуырда ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз брифингінде аталған аудан әкімі Рашид Мыңбаев тарқата баяндады. Толығырақ тоқталайық…

Спикердің айтуынша, Әл-Фараби ауданы қаламыздың орталық ауданы болғандықтан, тұрғындарды ауыз су және электр қуатымен қамту көрсеткіші 100 пайыз болса, көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 99,9 пайызды құрап отыр. Қазіргі таңда, Сәуле шағынауданындағы 276-орамда «Ремстрой» ЖШС мердігер мекемесі тарапынан табиғи газ магистралды желісінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Қараша айының соңында абоненттеу жұмыстары толығымен аяқталып, аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек.
Бүгінде Әл-Фараби ауданы аумағында орналасқан 926 көпқабатты тұрғын үй 623 аулаға біріктірілген. Осы орайда, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2023 жылы 39 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде, мердігер мекемелер тарапынан 24 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларында аталаған бағыттағы жұмыстар аяқталып, қолданысқа берілсе, 15 аулада абаттандыру жұмыстары Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен тоқтатылған. Бұл аулаларда абаттандыру жұмыстарын келесі жылы жалғастыру жоспарлануда. Соңғы 3 жылда аудан аумағында 42 ашық спорт алаңшасы салынған. Қазіргі таңда тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ауданда 108 ашық спорт алаңшасы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Береке шағынауданындағы 276-орамда және Жангелдин көшесі №14 көпқабатты тұрғын үйдің ауласында 2 ашық спорт алаңшасы орнатылды. Тұрғындардан түскен ұсыныстар бойынша 2024 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 66 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру, балалар ойын алаңшасын орнату және 4 ашық спорт алаңшасын орнату жоспарлануда.
Әл-Фараби ауданында ұзындығы 260 шақырымды құрайтын 390 көше, даңғыл және өткел бар. Жолдардың 235 шақырымы немесе 90,4 пайызы асфальт, 25 шақырымы немесе 9,6 пайызы тас жолды құрайды. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 20,9 шақырымды құрайтын Жансүгіров, Анаров, Қабанбай батыр, Желтоқсан, Дулати, Қазыбек би, Орынбаев, Пазиков, Ж.Тыныбаев, Адырбеков, Уәлиханов атындағы орталық көшелерге және Д.Қонаев даңғылына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа асфальт қабаты төселуде. Ішкі орамдағы жалпы ұзындығы 6,8 шақырымды құрайтын 29 көшеге асфальт төсеу жоспарланса, оның ішіндегі 26 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Ал қалған 3 көшеге асфальт төсеу бойынша сот процессі жүріп жатыр. Сондай-ақ 2023 жылдың басында Әл-Фараби ауданы аумағына қарасты 390 көшенің 110 көшесі жарықтандырылған болса, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан 2023 жылы тағы 14 көшені жарықтандыру жоспарға енгізілген.
Бұдан бөлек, бүгінде Күншығыс шағынауданындағы ішкі орам, Абдразақов, Тыныбаев, Маметов, Бөгет, Қалалық жүйке аурулар орталығы, 16 шағынауданындағы ішкі орам, Ескі қала аумағындағы Өзбек көшелерін жарықтандыру жұмыстары толығымен аяқталды. Жыл соңына дейін Сәуле шағынауданы, Бозарық, Наурызым, Тұмарлы, Әблязимов, Мәделі Қожа, Сасбұқаев көшелеріндегі жарықтандыру жұмыстары толығымен аяқталады. Қорыта айтқанда, аталған ауданда жүзеге асқан жемісті жұмыс көп. Атқарылатын жұмыстар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Осы бағыттағы жүйелі істер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.