ОТАНДЫҚ ӨНІМДІ ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫ КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ

Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеті С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу институтында ветеринария мен фитосанитария қауіпсіздігі мәселесі бойынша көшпелі отырыс өткізді. Аталған жиында бірқатар мәселелер көтерілді.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров отырыс алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Іс-шара барысында қордалаған мәселелерді, оның ішінде ветеринария мен фитосанитарияға қатысты нормаларды талқыламақпыз. Бүгінде екі инспекцияның да өз деңгейінде жұмыс істеп отырмағандығын көріп отырмыз. Қазіргі уақытта біздің өндірушілеріміз де, тұтынушыларымыз да сырттан келетін сапасыз өнімдерден қорғалмаған» деп атап өтті.
Мәжіліс депутатының айтуынша, бүгінде супермаркеттердің де, шағын дүкендердің де сөресінде сырттан келген тауарлар толып тұр. Өйткені біздің екі инспекциямыз – кім көрінгенге ашық есік. Қазіргі уақытта импортталатын азық-түлік өнімдері не бәрі 5 көрсеткіш бойынша ғана тексеріледі. Ал қазақстандық өндірушілер Ресей нарығына шығу үшін өнімдерін 100-ден астам, тіпті 120-дай қажетті сертификаттаудан, түрлі тексерулерден өткізуі тиіс. Сондықтан бүгінде жарамай қалған не болмаса өзге нарықтар үшін сапасыз болған өнімдер бізге ағылып жатыр.