ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАР ӨСІМДІКТЕН СҮТ ӨНДІРМЕК
Қазақстандық ғалымдар сиыр сүтін алмастыратын ұнтақ жасап шығарды. Енді өсімдіктен де сүт алуға болады. Оған шикізат ретінде бидай, сұлы, қарақұмық секілді өсімдіктер қолданылады. Яғни елде өсетін өсімдіктер ұнтақталып, биотехнологиялық әдіс арқылы құрғақ сүт өнімі жасалған.
Бұл қажеттілік лактозаға аллергиясы бар адамдар санының артуынан туындаған. Әрине, бұл әлемдік нарықта жаңалық емес. Бірақ Қазақстанда алғаш рет отандық өнім ретінде жасалып жатыр. Ғылым қорының аға ғылыми қызметкері Дана Тойымбаеваның айтуынша, бұл — Қазақстандағы алғашқы әзірлеме. Яғни бірінші технология. Бұрын бізде өндіріліп көрмеген. Соны Қазақстанға әкеліп, көрсетіп жатырмыз. Отандық өнім. Арасында сапасыз өнімдер де кездесіп жатады. Сондай өнімдерді халық алмау үшін өзіміздің табиғи өнімді қолдануға мүмкіндік жасалмақ. «Өсімдік сүті бидай, арпа, сұлы, күріш сынды табиғи өнімдерден алынады. Қосылатын қоспаларының өзі табиғи дәрумендерге толы. Шетелдік өнімдерге қарағанда бағасы да арзан. Сапасы да жоғары» дейді ғалым.
Сондай-ақ Дана Тойымбаева шетелдік өнімнің бағасы өте жоғары екенін атап өтті. Мың, тіпті екі жарым мыңнан асып кетеді. Ал отандық өнімді өзіміз өндіретін болсақ, оны қарапайым халыққа қол жетімді, арзан бағада ұсынуға болады. Өсімдік сүтін жасау жолы да оңай. Алдымен қажетті шикізатты жуып тазалап, кептіріп, бірнеше мәрте үккіштен өткізеді. Кейін қажетті қоспалар қосылып, қоймалжың қалыпқа келтіру процесі жүргізіледі, артынан біркелкі қалыпқа келгенге дейін араластырылады.
Зертханада дайындалған өнім бүрку-кептіру аппараты арқылы құрғақ күйге ауыстырылады. Бұған шамамен 30-40 минут уақыт керек. Осы жерде химиялық, физикалық және реологиялық қасиеті анықталғаннан кейін барып, сынамадан өткізуге басқа зертханаларға жіберіледі. Қазір тұтынушылар арасында өсімдік сүтіне сұраныс жоғары. Сондықтан жергілікті ғалымдар «Ғылым қоры» арқылы жобаны өндіріске енгізіп, коммерцияландыруды қолға алған. 2025 жылға дейін зауыт ашуды көздеп отыр. Бүгінгі таңда қажетті құрылғыларға тапсырыс беріп қойған.
Жобаның коммерциялық маманы Марат Мұратхан келесі жылдың 2-айынан бастап өндіріске орналастыру басталатынын айтады. Келесі жылдың соңына дейін өндірістің жалпы тексеруі аяқталып, 2025-ші жылдың басында, 2024-ші жылдың соңында толықтай өнім шығарылып, сұраныс пен нарыққа кіре бастауы керек. Жоба құны — 360 млн теңге, сағатына 2000 дана өнім шығаруға қауқарлы. Осы қарқынмен ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге болады.