ОТАРЛАУ САЯСАТЫНЫҢ СЕЙІЛМЕГЕН САЛҚЫНЫ
Бұдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желідегі жұрт тіл мәселесін көтеріп, ана тілінен жеріген жандарды өткір сынның астына алды. Бұлай болуына себеп те жоқ емес. Тәуелсіздіктің 32 жылдығына аяқ басқан егемен еліміздің бас қаласында 1-сыныпқа баратын оқушылардың 40 пайызы немесе 10 мыңнан астам бала орыс сыныбына қабылданған. Жалпы ата-аналардың орыс сыныбын ашу бастамасы бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Бұған дейін бірнеше рет талқыланып, буы басылған болатын. Бір қызығы, орыс сыныбын таңдаған оқушылардың басым бөлігі қазақ отбасынан шыққан. Ендеше азат елдің азаматы жат тілді жатық білуге неліктен құмар? Ата-ананың жауапкершілігі қайда қалды? Мұның себебі не?
Егемен ел ретінде еншімізді бөлектегелі Қазақстандағы қазақтардың үлесі артып, 70 пайызға жуықтады. Бір өкініштісі, бұл көрсеткіш барлық өңірде бірдей емес. Еліміздің теріскейінде қазақтың үлесі аз. Мәселен, Ресеймен шекаралас жатқан Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақтардың үлесі 35 пайыз, облыс орталығы Петропавлда 31 пайыз шамасында. Дегенмен аталған өңірдегі облыстық білім басқармасының ресми мәліметіне сүйенсек, Петропавл қаласындағы 40 мектепте білім алып жүрген 27 322 оқушының 5 467-сі, яғни 20 пайызы ғана қазақ тілінде оқиды. 22 мыңға жуық бала орыс тілінде сауат ашып, айналасын аталған тілде танып жатыр. Демек мектеп табалдырығынан аттаған балалардың ата-анасы мемлекеттік тілдің болашағына сенбейді. Мұның себебін сан түрлі болжаммен топшылауға болады. Отарлық саясаттың салқыны әлі де сезіліп отыр дерсіз. Ана тілінен жеріп, өзге тілге жалтақтайтындар саны артып барады деушілер де бар. Енді бір ұшын ұлттық идеологияға әкеп тіреп жатады.
Қош делік, мұны былай қойғанда қазіргі қоғам аз ғана қазақты «қала қазағы», «дала қазағы» деп бөлетін болды. Дәл осылай ат қойып, айдар тағу мемлекеттік тіл мәселесін де күрделендіріп отыр. Қаладағы кей азаматтар ауылдағы жұртты өркениеттің көшінен кейін қалған жандар секілді көретіні бар. Әрине, көпке топырақ шашпақ емеспін. Әйткенмен ілуде біреу шығып жатады. Әлеуметтік желіде де жиі байқаймыз. Ал енді қаланың баласы ауылға келсе, қой мен ешкіден, одан қалса, сиыр мен жылқыдан қорқып, қашатын болды. Бір сөзбен айтқанда, ғасырлар бойы мал шаруашылығымен айналысып, аттың жалында, түйенің қомында жүрген қоғам егемен ел атанғанда екіге бөлініп шыға келді. Тіл мәселесіне келгенде де дәл осы тенденцияны байқауға болады. Кейбір ата-аналар орыс тілін өркениет тілі ретінде қабылдайтын тәрізді. Содан болар, орысша ойлайтын, мемлекеттік тілді місе тұтпайтын жастар өсіп келеді. Ең қызығы, дәл осы мәселе қызметі, дәулеті бар қазақ отбасыларында жиі байқалады. Бұл балалардың болашақта Қазақстанға қамшы үйіріп шыға келетіні белгілі. Міне, сонда мемлекеттік тілге көңіл аударып, ана тіліміздің жағдайына жаны аши ма? Жауап әр оқырманның көкейінде кілкіп тұр деп ойлаймын…
Жалпы отарлау тарихын жіті зерттеп, миссионерлік саясаттың зардабын саралаған ғалымдардың бірі – Мекемтас Мырзахметұлы. Ғалым «Қазақ қалай орыстандырылды?» атты еңбегінде отарлаушы елдердің тіл мен дінге неліктен айрықша мән бергенін былай деп түсіндіреді «Бұлай болудың мән-мағынасы – отарланған халықтарды ұзақ уақыт қолдан шығармай шiдерлеп ұстаудың кiлтi қара күште емес, олардың санасын жаулап табындыру арқылы рухани құлдықта ұстау үшiн, олардың азаматтық сезiмi мен ұлттық санасының оянуына жол бермейтiн сенiмдi кедергi қоюдың жолы олардың сан ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи халықтық санасын жоюды көздеуiнде жатыр». Міне, содан да болар, Патшалы Ресей отарлау саясатында аралас мектептер ашу мен қыздарды шоқындыруға айрықша көңіл бөлді. Жалпы қазақ халқы ананың қоғамдағы рөлін айрықша бағалаған. Ұлттық ұстаным, тіл мен діл бала санасына анасы арқылы сіңіріліп отырған. Мұны дана Абайдың өмір жолынан айқын білеміз. Ұл шалыс басса, анасы ақыл-кеңес берген. Әжесі қиялды қияға өрлететін аңыз-әңгімелерімен, сыншыл да сыршыл ертегілерімен тұлға ретінде қалыптасуына түрткі болған. Ал енді Патшалы Ресейдің отарлау саясатынан кейін орыс тілі өркениет тіліне айналып шыға келді. Аралас мектептер ашу арқылы жергілікті қазақтың балаларын тәрбиелеп, өздеріне қызмет ететін қатардағы қарапайым қызметкер етіп шығарып отырды. Уақыт өте келе дәл осы тілді білгендер билік баспалдақтарымен көтеріліп жатты. Нәтижесінде ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ұстаным мен құндылыққа сызат түсті.
Мекемтас Мырзахметұлы аталған еңбегін 1993 жылы жазып аяқтады. Арада 30 жыл өткенде отарлау саясатының қазақтың тамырына қаншалықты тереңдеп кеткенін көзіміз көріп отыр. Аралас мектептердің санын көбейтіп, орыс сыныптарын ашуды талап етіп отырғандардың арасында әкелерді көп кездестірмейміз. Кілең аналар. Демек о баста алдымен қыздарды шоқындырудың астарында қандай ауқымды саясат жатқанын уақыт дәлелдеп отыр. Осы тұста Шерхан Мұртазаның «Айыр тіл жыланда ғана болады» деген сөзі ойымызға оралды. Рас, тіл – ұлтты біріктіруші құрал. Дегенмен елімізде бұл тақырып қозғалғанда, қоғам қақ бөлінеді. Бір қызығы, өзге тілдің қамын күйттеп отырғандардың дені – өзіміздің қазақтар. Демек санаға сіңген отарлау саясатынан әліге арыла алмай келе жатырмыз.
Осындайда шекарамызды шегендеп, тәуелсіздігімізді тұғырына қондырған уақыттан бері ұлттық құндылықтарды ұлықтау ісіне неліктен баса көңіл бөлмедік деген ой келеді. Жүздеген жылдар бойы қазақ қоғамын тәрбиелеп келген ата-әжелер институты өзінің беделін жоғалтып барады. Шынтуайтына келгенде, есімі «қазақ» сөзімен қатар айтылатын қайраткерлерімізді тәрбиелеген атасы мен әжесі, қала берді, анасы емес пе еді?! Ертегі баланың сөздік қорын байытады, аңыз-әңгіме адамгершілікке тәрбиелейді. Ал қазір тілі шыға бастаған баланың қолына смартфон беріп, жат тілдегі түрлі бейнелерді тамашалуына өзіміз жол ашып беріп жатырмыз. Содан да болар, «ананы» «мама», «әкені» «папа» дейтін бүлдіршіндер есейіп келе жатыр. Айналасын өзге тілде таныған бала өскенде ана тілінің қамын күйттей ме? Тағы да басы ашық сауал…
Қорыта келгенде, тұғырымызды тіктеп, азат ел атанған уақыттан бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де отарлық саясаттың зардабын әлі де көріп келеміз. Ел ішінде мемлекеттік тілді місе тұтпайтын қазақтар көп. Ұлттық идеологиямызды мықтап қолға алып, қоғамға насихаттауды жеделдетпесек, мемлекеттік тіліміз ұлттық ұйыстырушы емес, ұрыстырушы құрал болып қала бермек…
Ә.Әзімханова.