СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗҒА СҰРАНЫС АРТҚАН

баға өсуі мүмкін бе?

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында сұйытылған газ бағасы бензин бағасымен теңесуі мүмкін екенін мәлім етті.

Ведомство басшысының айтуынша, бізде сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі күрт өсіп кетті. Ол негізінен автомобильдерді газға ауыстырумен байланысты. Әсіресе, көліктерді әуесқой тәсілмен газ жағатын етіп қайта жабдықтау жаппай белең алуда. 9 айдың ішінде сұйытылған газдың өндірісінен туындайтын теңгерім 25 пайыз артты. Сондықтан қосымша көлемдер іздеуге тура келіп отыр. Министрлік «Теңізшевройлмен» келіссөз жүргізген. Олар ішкі нарыққа ай сайын қосымша 10 мың тонна жеткізіп тұр. «ҚазМұнайГаздың» бүкіл потенциалы ішкі нарыққа бағытталған. Осының есебінен теңгерімді ұстап тұру әзірге мүмкін болып отыр. Яғни қазір сұйытылған газ тапшылығы жоқ. Өңірлерде жеткізуден туындаған мәселелер бар болуы да мүмкін. Министрлік міне дәл осы мәселені күн тәртібіне қойып отыр.
Министр қазақстандықтарға көлігін газға ауыстыруға асықпау керек деген кеңесін тағы қайталады. Өз сөзінде «Машиналарды осындай қарқынмен газға ауыстыра беретін болса, келешекте газ өңдеу қуаттарының әлеуеті қысқа мерзімдегі қажеттіліктерге жетпей қалуы мүмкін. Тіпті, сұйытылған мұнай газын импорттауға мәжбүр болуымыз мүмкін. Ол кезде баға мүлде басқаша болады. Тіпті бензин бағасымен салыстыратындай деңгейге шығуы ықтимал. Сондықтан автомобиль тізгіндеушілерді көліктерін газға ауыстыруға асықпауға үндеп жүрміз» деді Алмасадам Сәтқалиев.