ШАРУАСЫ ШАЛҚЫҒАН ОРДАБАСЫДА МОЛШЫЛЫҚ МЕРЕКЕСІ ӨТТІ

Ала жаздай далада тер төгіп, еселі өнім жинаған диқандар қауымы күзде еңбегінің жемісін көреді. Әсіресе, Түркістан облысына қарасты аудандарда жыл сайын «Алтын күз» мерекесі айрықша аталып өтеді. Міне, сондай жемісті жылдың жетістіктері баяндалатын «Алтын күз – 2023» мерекесі жуырда Темірланда өтті. Көктем қылаң бергеннен бастап қара күзге дейін далада жер жыртып, егін егіп, өнім жинаған жергілікті диқандар мереке аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеде өз өнімдерін ұсынды.

Бұдан бөлек, аграрлық сектордың алға жылжуына ықпал ететін техникалардың көрмесі де ұйымдастырылды. Жалпы Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығын дамытудағы жетістіктері көп. Асыл тұқымды мал басы артып келеді. Өнім көлемі де еселеп өсуде. Биылғы «Алтын күз – 2023» мерекесіне аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, жергілікті мемлекеттік мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер қауымы қатысты. Молшылық мерекесіне орай ұйымдастырылған жиында аудан басшысы көрмені аралап, азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпкерлермен кеңесті. Аграрлық сектордың дамуына, мал шаруашылығының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып отырған шаруаларға сәттілік тіледі.
Аудан көлемінде аталған саланың қарқынды дамуы жергілікті диқандар мен шаруалардың еселі еңбегінің нәтижесі екені даусыз. Қала берді, мемлекеттік бағдарламаларды тұрғындарға насихаттап, кәсіп бастауына мұрындық болып отырған жергілікті әкімдіктің қызметін де жоғары бағалауға негіз бар. Мерекелік шарада аудан әкімі жоғары жетістікке себеп болып отырған еңбек саласының адамдарын құттықтап, саладағы көрсеткіштерге тоқталды. Нақтырағы «Барша аудан тұрғындарын берекенің бастауы саналған «Алтын күз» мерекесімен құттықтаймын. Несібесін еткен еңбегінен күткен ордабасылықтар үшін биылғы жыл жемісті болып, мол өнімділікке қол жеткіздік. Ауылшаруашылық саласындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып өтер болсам, өткен 9 айдың көрсеткішімен ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 55,9 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,2 миллиард теңгеге артып отыр. Ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 6,1 миллиард теңгеге жетті. Дихандарымыз ағымдағы жылы 71 544 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 001 гектарға ұлғайды» деді аудан басшысы.
Салтанатты жиын барысында аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы талай жыл аграрлық салада еңбек етіп, жетістікке жеткен, тәжірибесін толықтырып, саланың мықты маманы болып отырған, мөл өнім алып, өзімен қатар өзгелерді де жұмыспен қамтыған шаруа қожалық иелерін, ауыл округ әкімдерін, ауыл шаруашылығының мамандарын марапаттады.
Осы тұста айта кетерлігі, Ордабасы ауданында егістік жерлерді тиімді пайдалану мақсатында бір алқаптан 2-3 рет өнім алу жобасы жүзеге асырылуда. Биыл аудан аумағындағы 409 гектар жерге 141 шаруа қожалығы өнімдерін егіп, нәтижесінде бірінші дақылдан 9 854,5 тонна, екінші өнімнен 6 698,2 тонна өнім жинады. Сондай-ақ жыл басынан бері 12,3 гектар жерге жылыжай құрылысы жүргізілді. Осылайша аудандағы жалпы жылыжайдың көлемі 105,9 гектарды құрап, 12 700 тонна өнім жиналды. 100 тонна қияр Ресей мемлекетіне экспортталғанын да айрықша айта кету керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ауыл халқының әлеуетін көтеруге бағытталған «Ауыл Аманаты» бағдарламасы да өңір көлемінде сәтті жүзеге асып келе жатыр. Ашып айтсақ, пилоттық жобаның І кезеңіне Бадам және Шұбар ауылдық округтері, ІІ кезеңіне Қараспан және Бөржар ауылдық округтері енгізілді. Аталған 4 ауылдық округте 8 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Диқандардың ең өзекті мәселесі ағын су екені белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде, өңірде өнімді іс атқарылып жатыр десек, артық айтқанымыз емес. Биыл Ордабасыда 1031 гектар егістік алқапқа жаңбырлатып суғару әдісі енгізілді. Бұдан бөлек, заманауи 115 бірлік техника сатып алынды. Осы және өзге де жағымды жаңалықтар айтылған жиынның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Қорыта айтқанда, тарихы тереңнен бастау алатын Ордабасының табысы да уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Ауданның ажары артып, экономикасы алға жылжуда. Әрине, осыншама табысты істің, нәтижелі жұмыстың артында жергілікті атқарушы биліктің ұйымдастырушылық қабілеті жатқаны анық. Қош делік, тарихымен тамсандырған аудан табысымен талайға үлгі бола беруіне тілекшіміз…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.